Әрине, мұндай бастамалар
ішкі туризмді дамытуға оң әсер етуі мүмкін. Алайда аталған аумаққа апаратын
автомобиль жолдары, тау соқпақтары мен тік қиялар барлық азаматтардың қауіпсіз әрі
еркін қозғалуына толық бейімделмегенін ескерген жөн. Осыған байланысты
Қашқадария облыстық Төтенше жағдайлар басқармасы азаматтарды сақ болуға
шақырды.
Хазрати Сұлтан шыңына
көтерілуді жоспарлаған азаматтардан таулы аймақтағы тастақты әрі күрделі
жолдарды, биіктікке байланысты ауа қысымының өзгеруін және басқа да табиғи
факторларды міндетті түрде ескерулері сұралды.
Әсіресе, жүрек-қан
тамырлары аурулары, жүрек жеткіліксіздігі немесе артериялық қан қысымы жоғары
адамдарға мұндай сапарға шығу ұсынылмайды.
Сонымен қатар, таулы
өңірге жалғыз бармау, сапар алдында ауа райы жағдайын мұқият зерделеу, қажетті
азық-түлік, ауызсу, дәрі-дәрмек және байланыс құралдарымен қамтамасыз етілуі маңызды екені атап өтілді.
Бағыт бойында
қатысушылардың бірінің денсаулығы сыр беруі немесе құлап кету салдарынан түрлі
деңгейдегі жарақат алуы мүмкін екені, сондай-ақ таулы аймақтарда медициналық
және құтқару қызметтерінің оқиға орнына жетуі белгілі бір уақытты қажет ететіні
де ескертілді.
Егер барлық қауіп-қатерді
толық түсіне отырып, осы бағыт бойынша саяхат жасау туралы шешім қабылданса,
туындауы мүмкін кез келген қолайсыз жағдайлар үшін әр адам жеке жауапкершілікті
өз мойнына алатыны айтылды.
Сонымен бірге, Қашқадария
облыстық Төтенше жағдайлар басқармасы құтқару қызметтері тәулік бойы, 24/7
режимінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын екенін мәлімдеді.
Егер таулы аймақта
қауіпті немесе қолайсыз жағдайға тап болсаңыз, дереу 112
бірыңғай жедел құтқару қызметіне хабарласу сұралады.