Әсіресе, ақпаратты тарату формалары қарқынды жаңарып
жатқан қазіргі кезеңде баспа басылымдарының жауапкершілігі мен шынайы өмірге
креативті көзқарас таныту өлшемдері бұрынғыдан да маңызды мәнге ие болуда. Осы
тұрғыдан алғанда, Қаршы мемлекеттік университетінде «Янги Ўзбекистон» және
«Правда Востока» газеттері күндері аясында өткен кездесу мен «Янги Ўзбекистон
орзуси» («Жаңа Өзбекстан арманы») кітабының тұсаукесері «ресми іс-шара»
шеңберінен шығып, зиялы қауым, педагогтер мен студент жастарды бір алаңға
тоғыстырған маңызды платформаға айналды. Бұл жиын еліміздегі жаңару үдерістерін
терең түсіну және оның мән-маңызын халыққа жеткізу жауапкершілігін тағы бір рет
күн тәртібіне шығарды.
Шараға «Янги Ўзбекистон» және «Правда Востока» газеттерінің
бас редакторы Салим Донияров, бас редактордың орынбасары Абу Бакир Ўрозов,
Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының мүшесі, профессор Абдураҳим Эркаев,
Қашқадария облысы әкімінің орынбасары Фарҳод Кушаков, Өзбекстан Республикасы
Олий Мәжілісінің Адам құқықтары жөніндегі өкілінің (омбудсманның) Қашқадария
облысындағы аумақтық өкілі Лола
Саодатова, Қаршы техникалық университетінің проректоры, филология ғылымдарының
докторы Аброр Муртазоев, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орнының
профессор-оқытушылары, студент жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының
өкілдері қатысты.
Сөз сөйлегендер ұлттық медиа кеңістігінде «Янги
Ўзбекистон» және «Правда Востока» газеттерінің орны мен маңызы туралы айтып
өтті. Әсіресе, редакцияның заманауи талаптарды толық зерделеп, соларға сай
қызмет жүргізіп отырғанына ерекше тоқталды. Атап айтқанда, газеттердегі
мақалаларды редакцияның ресми веб-сайты мен әлеуметтік желілердегі парақшалары
арқылы да оқуға мүмкіндік бар. Бұл жастардың бүгінгі қоғамдық-саяси оқиғаларға
арналған сараптамалық мақалалармен кеңінен танысуына жағдай жасайды.
— Баспа басылымдары бірнеше ондаған жылдар бойы
тарихи тұрғыдан өздеріне жүктелген маңызды міндетті әлеуметтік-саяси,
экономикалық, мәдени-ағартушылық және ғылыми өмірге қатысты өзекті ақпаратты
жедел түрде түрлі публицистикалық жанрларда көпшілікке жеткізу арқылы
оқырмандардың өмір шындығына деген белгілі бір көзқарасы мен түсінігінің
қалыптасуына, саяси, экономикалық және адамгершілік идеялар мен сенімдердің
орнығуына ықпал етіп, қоғамдық пікірдің көрінісі әрі оның қалыптастырушысы
болды, — дейді Аброр Муртазоев. — Сонымен қатар тек ақпарат құралы ғана емес, белгілі
бір дәуірдің оқиғалары, жаңалықтары мен даму кезеңдерін өз беттерінде
таңбалайтын ең маңызды тарихи дереккөз қызметін де атқарады. «Янги Ўзбекистон»
газетінің алдында елдегі саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды
кеңінен жариялау, мемлекеттік саясат пен оның нәтижелерін халыққа түсінікті
түрде жеткізу, қоғамдағы маңызды мәселелерді көтеріп, пікірталас алаңын
қалыптастыру сияқты бірқатар маңызды мақсаттар тұр. Басылым тек ресми ақпарат
таратумен шектелмей, сараптамалық журналистиканы дамытуды міндет етіп өзіне
жүктеген.
Іс-шара аясында «Янги Ўзбекистон орзуси» кітабының
тұсаукесері қатысушыларында ерекше қызығушылық оятты. Өзбекстан Республикасының
еңбек сіңірген журналисі Салим Донияровтың авторлығымен жарық көрген бұл еңбек
еліміздің бастан кешіп жатқан тарихи трансформация жолын, халықтың
арман-мақсаттарының нақты нәтижелерге қалай ұласқанын публицистикалық талдау
негізінде ашып көрсетеді. Баяндамашылар кітапта алға тартылған тұжырымдардың
жас ұрпақтың азаматтық ұстанымын нығайтуға және елдегі үдерістерге деген
жауапкершілік сезімін күшейтуге маңызды дереккөз болатынын атап өтті.
— Шара барысында таныстырылған «Янги Ўзбекистон
орзуси» кітабы қазіргі дәуірдегі өзгерістерді, мемлекеттік саясаттың мәнін
халыққа жеткізу мақсатында жазылған. Онда Отанға деген сүйіспеншілік, ұлттық
әрі жалпыадамзаттық құндылықтарға деген құрмет сезімі көрініс тапқан, — дейді
Абдураҳим Эркаев. — Газеттің мақсаты да дәл осыған үндес. Жалпы айтқанда, газет
материалдарының заманауи журналистиканың барлық жанрлары мен бағыттарында, озық
технологияларды кеңінен қолдана отырып жариялануы оның тартымдылығы мен
оқырманын одан әрі арттыра түсуде. «Янги Ўзбекистон» газетінде ішкі және сыртқы
саясат, экономика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрлық технологиялар, білім
беру, ғылым және инновациялар, өнер мен мәдениет, әдебиет, халықаралық өмірге
қатысты алуан түрлі материалдар тақырыптық, мазмұндық, географиялық және
тәсілдік жағынан бірегей. Бұл басылым құрамында мол тәжірибесі бар, ұйымшыл,
пікірлес әрі шығармашылық бірлігі қалыптасқан ұжымның жұмыс істеп отырғанының
айғағы.
Шынайы әрі қызу түрде өткен кездесу барысында жастар арасында викторина
ұйымдастырылды. Белсенді қатысып, сұрақтарға дұрыс жауап бергендерге естелік
сыйлықтар тапсырылды.