Жаңа тәртіпке сәйкес, автокөлікті эвакуаторға тиеуден бастап, оны иесіне қайтаруға дейінгі барлық үдеріс бірыңғай электрондық жүйе арқылы жүзеге асырылады.

Қағидаларға орай, егер жүргізуші эвакуаторға тиеу үдерісі басталғанға дейін қайтып келіп, жол қозғалысы ережесін бұзуға себеп болған жағдайды жойса, автокөлік эвакуацияланбайды. Алайда көлікті эвакуаторға тиеу үдерісі басталғаннан кейін эвакуацияны тоқтатуға жол берілмейді.

Автокөлікті айыптұрақта сақтау ақысы оны эвакуаторға тиеген уақыттан бастап есептеледі және әрбір тәулік үшін жеке төленеді. Көлік құралы иесіне тек электрондық жүйе арқылы рәсімделген QR-коды бар рұқсаттама негізінде қайтарылады.

Сонымен қатар, егер автокөлік айыптұраққа қойылғаннан кейін 6 ай ішінде алып кетілмесе, жиналған қарыз мәжбүрлі тәртіппен өндіріп алынады. Ал 12 ай өткен соң сот көлік құралын иесіз мүлік деп тану мәселесін қарастыруы мүмкін.

Ташкент қаласы үшін белгіленген ең жоғары тарифтерге сәйкес:

автокөлікті эвакуациялау — әрбір километр үшін 88 мың сумға дейін, алайда жалпы төлем мөлшері 1 миллион 760 мың сумнан аспауы тиіс.

айыптұрақта сақтау — әрбір тәулік үшін 88 мың сумға дейін.

Мысалы, автокөлікті 3 километр қашықтыққа эвакуациялау және айыптұрақта 3 тәулік сақтау үшін жалпы сомасы 528 мың сумға дейін төлем талап етілуі мүмкін. Бұл сомаға жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін салынатын айыппұл кірмейді, ол бөлек есептеледі.

Жаңа тәртіпті енгізудегі негізгі мақсаттардың бірі — автокөліктерді эвакуациялау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ оларды сақтау және иелеріне қайтаруға қатысты барлық рәсімдерді цифрландыру.

Сонымен қатар жүргізушілерге автокөліктерін тротуарларға, жасыл аймақтарға және қоғамдық көлік аялдамаларына қалдырмау ұсынылады. Бұл жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысының басқа да қатысушылары үшін қолайлы әрі қауіпсіз ортаны қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.