Әзірлеушінің айтуынша, бұл клиникалық қолдануға енгізілген әлемдегі алғашқы инвазивті медициналық ми-компьютер интерфейсі құрылғысы болып табылады, деп хабарлайды Xinhua ақпарат агенттігі.
«NEO» деп аталатын медициналық құрылғы 18 жастан 60 жас аралығындағы, мойын омыртқасының жарақаты салдарынан квадриплегияға шалдыққан және саусақтарымен ұстау қабілетін жоғалтқан науқастарға арналған.
Тиын көлеміндей инвазивті құрылғы миға орналастырылады және ми сигналдарын нақты уақыт режимінде жинап, декодтауға мүмкіндік береді. Соның арқасында науқас пневматикалық қолғапты санасымен басқара алады.
Құрылғы эпидуралды тәсілмен енгізіледі. Бұл әдіс жоғары сигнал сапасын сақтай отырып, ми тіндеріне зақым келтіру қаупін азайтады. Құрылғы сондай-ақ сымсыз қуат және байланыс жүйесімен жабдықталған, бұл оны бір рет орнатып, ұзақ уақыт пайдалануға мүмкіндік береді. Науқастар операциядан кейін шамамен бір ай ішінде жүйені үйде өз бетінше басқара алады, деп хабарлайды Kazinform.