«Алтын доп» жүлдесінің бес дүркін иегері атанған футболшының гол соққаннан кейін жасайтын өзіне тән мерекелік қимылы бейнеленген мүсін ұйымдастырушылар тарапынан әлемдегі футболшыларға арналған ең биік мүсін ретінде таныстырылып отыр. Ол ағымдағы жылдың желтоқсан айының соңына дейін көпшілік назарына ұсынылады.

Жалпы аумағы шамамен 3 мың шаршы метрді құрайтын көрме кешені Шанхай қаласында бір жыл бойы жұмыс істейді. Экспозиция 10 тақырыптық аймаққа бөлінген және 15 инсталляцияны қамтиды. Оларда спортшының Мадейра аралындағы алғашқы ойындарынан бастап, әлемдік деңгейде танымал болғанға дейінгі өмір жолы көрсетілген, деп хабарлады Kazinform.

Көрме залдарында футболшының түпнұсқа жүлделері, матчтарда киген жейделері, бутсылары, сондай-ақ оның бала кезіндегі бөлмесінің қайта жасалған үлгісі ұсынылған. Келушілер үшін жасанды интеллект аватарымен суретке түсу және қақпаға доп тебу симуляторы сияқты интерактивті аймақтар да ұйымдастырылған.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жобаның мегаполистің басты сауда көшесінде іске қосылуы туристер ағынын арттыруға және осы аумақтағы коммерциялық белсенділікті ынталандыруға бағытталған.