Өзбекстанда қар жаууы мүмкін

    25-27 сентябрьде Өзбекстанға Еділден салқын және сәл ылғалды ауа кіреді

    Демалыс күндері Өзбекстан аумағының басым бөлігінде аздап жел соғатын құрғақ және жылы ауа райы сақталады. Бұл күндері ауа температурасы негізінен түнде 13-18°, күндіз 30-35° шамасында болады. Бұл сентябрь айындағы осы күндердегі орташа жылдық температура мәндерінен сәл жоғары.

    Тек республиканың солтүстік облыстарында 25 сентябрь жексенбі күні Еділ бойындағы аумақтардан ылғалды және салқын ауа массасы кіре бастайды.

    Кешқұрым Қарақалпақстанда және Хорезм облысында кей жерлерде жаңбыр жауып, найзағай болады, жел 15-20 м/с-қа дейін, кейде 21-23 м/с-қа дейін күшейеді, кей жерлерде шаң-тозаң көтерілуі мүмкін. Қарақалпақстанның солтүстігінде ауа температурасы төмендейді.

    Келесі аптаның басында ылғалды және салқын ауа массасының ағыны Өзбекстанның барлық аумағына таралады. Республиканың кей жерлерінде жел 15-20 м/с күшейіп, шаң-тозаңды болады деп күтілуде. Оңтүстіктің ең шалғайында және Ферғана аңғарында жел 21-23 м/с күшеюі мүмкін.

    Дүйсенбі күні Бұхара, Науаи облыстарында, сейсенбі күні тау бөктерінде және таулы аумақтарда жаңбыр жауады. 2500 м-ден жоғары биік тауларда жаңбыр қарға айналады. Дүйсенбіде солтүстік облыстарда күн суытады, ал сейсенбіде республиканың барлық аумақтарында күн суытады. Ауа температурасы түнде 10-13°, күндіз 22-25° дейін төмендейді.