Құжатқа орай, 1-сыныпқа қабылдау мемлекеттік қызмет арқылы жүзеге асырылатын аудандар (қалалар) саны 64-тен 135-ке, ал мектептер саны 1956-дан 5689-ға дейін арттырылды.
Сондай-ақ, 2026–2027 оқу жылында мемлекеттік қызмет енгізілетін аудандар (қала) тізімі бекітілді.
Қабылдау үдерісі Бірыңғай интерактивті мемлекеттік қызметтер порталы (my.gov.uz) немесе Мектепке дейінгі және мектеп білім беру министрлігінің электрондық қызметі (my.maktab.uz) арқылы жүзеге асырылады. Құжат тапсыру 2026 жылғы 20 маусымнан 31 шілдеге дейін микроаумақ шеңберінде, ал 1 тамыздан 31 тамызға дейін микроаумақтан тыс аумақтар үшін жалғасады.
Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, 1-сыныпқа балалар 7 жасқа толатын жылы қабылданады. Яғни, 2026–2027 оқу жылы үшін 2019 жылғы 31 желтоқсанға дейін туған балалар мектепке қабылданады.
Мемлекеттік қызмет енгізілмеген аумақтарда қабылдау дәстүрлі тәртіпте жүзеге асырылады. Бұл жағдайда мектеп басшылары қабылдау үдерісін ұйымдастырады және оқушылар туралы мәліметтер adm.maktab.uz электрондық жүйесіне енгізіледі.
Қабылдауға қатысты барлық мәліметтер — қабылдау жоспары, мерзімдері, микроаумақ, сондай-ақ басқа тілдегі сыныптар үшін баланың бастапқы сөйлеу дағдыларын бағалау сауалнамасы мектеп ғимараттарында ашық жерлерге орналастырылады.
Белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін мектептер тарапынан қосымша оқушыларды қабылдауға жол берілмейді.
Сондай-ақ, 2026 жылғы 10 тамызға дейін 1-сыныпқа қабылданған балалар санына қарай 12 түрлі оқу құралдарынан тұратын Президент сыйлықтары аудан (қала) бөлімдеріне жеткізіледі. Бұл жабдықтар 20 тамызға дейін мектептерге таратылуы жоспарланған.