Үргеніште Әл-Хорезми қалашығының құрылысы басталды

    Билік 29 Avgust 2022 8951

    Президент Шавкат Мирзияев 29 тамызда Үргеніш қаласындағы Әл-Хорезми қалашығы құрылысының іргетасына капсула салды.

    Мемлекет басшысы биылғы жылдың наурыз айында облысқа сапары барысында бұл жобамен танысып, оны жетілдіру жөнінде тапсырмалар берген болатын. Солардың негізінде бүгін – Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «пысықталған» жобаның жұмысы басталды.

    Салтанатты шараға хорезмдік жастар, қыз-келіншектер мен жастар қатысты. Президент олармен сұхбаттасты.

    – Бүгінгі заманауи ғылым мен электронды жаңалықтардың іргетасы Әл-Хорезми атамыздың теңдесі жоқ ғылыми мұрасымен байланысты. Біз мұны мақтан етіп қана қоймай, соған лайық болуымыз керек. Сондықтан Үргеніш қаласында ұлы ғалымның есімімен аталатын жеке қалашық құруды жөн көрдік, – деді Мемлекет басшысы.

    Бұл кешен Үргеніш халықаралық әуежайының жанында, 130 гектардан астам аумақта салынады. Бұл әсем жер ұшақтан түскен кез келген адамның көз алдында бірінші болып көрінеді. Қаланың қақ ортасына Хорезми атамыздың алып мүсіні орнатылады.

    Ең бастысы, мұнда Әл-Хорезми атындағы жаңа университет құрылады. Оның жанынан дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп салынады. Оларда білім алған жастар қалашықта құрылған ғылым, инновация және мәдениет ошақтарында еңбек етіп, ұлы бабаларымыздың дәстүрін жалғастырады.

    Сондай-ақ технопарк пен кеңселер, медициналық, инновациялық және мәдени орталықтар, бульвар, мектеп пен балабақшалар, спорт кешендері, автотұрақ, сауда және тұрғын үй ғимараттары салынады. 5 мың пәтерлік 104 көпқабатты тұрғын үй салынады. Нысандар «ақылды технологиялар» негізінде жабдықталады.

    Мемлекет басшысы кешен құрылысшыларын Тәуелсіздік күнімен құттықтап, жауапты да абыройлы жұмыстарына табыс тіледі.

    Осыдан кейін Президент Хорезмге жасаған сапарын аяқтап, Ташкентке қайтып оралды.