Уақыт өткен сайын халықтың талабы мен талғамы артып келеді. Осыған сәйкес жаңа құрылыс нысандары мен заманауи жағдайларға қажеттілік туындауда.
Ташкент қаласындағы «Юнусобод» диқан базары әрдайым халық көп жиналатын орындардың бірі, алайда кеңейтуге орын жоқ. Тағы бір мәселе – көлік кептелісі. Осыған байланысты базарды заманауи концепция негізінде жоғары қабаттарға көтеру, сауда орындары мен қолайлылықтарды көбейту жоспарланған. Жобаға сәйкес, қазіргі базар орны сақталып, оның орнына үш қабатты экобазар салынады. Жанында қосымша сауда орталығы мен зергерлік үйі бой көтереді. Ең бастысы, ғимараттардың жерасты бөлігінде мыңнан астам көлікке арналған тұрақ жасалады. Жалпы, 4-5 мың жұмыс орны ашылады.
Жауапты тұлғаларға базардың жұмысын тоқтатпау және құрылыс жұмыстарын кезең-кезеңімен жүзеге асыру тапсырылды.
Келесі жобалар демалыс саябақтарын абаттандыру және жаңаларын салуға байланысты. Ташкенттегі Абдулла Қодирий саябағы абаттандырылады. Рельеф тиімді пайдаланылып, жасыл аумақтар кеңейтіледі. Серуендеу және көрініс алаңдары, субұрқақтар мен жаңа планетарий салынады. Туристерді тарту үшін гастро-хол ұйымдастырылады. Бұл саябақ «Чарсу» базарымен және жалпы ескі қала бөліктерімен үйлесім табады.
Мемлекет басшысы саябақтағы жағдайды жақсарту және ұлттық дәстүрлерді бейнелеу қажеттігін айтты.
– Жоспарлар жақсы. Бірақ ұлттық рух енгізу керек. Мұнда қаланың тарихы мен халқымыздың дәстүрлері көрініс табуы тиіс. Кез-келген жастағы адам саябақтан өз орнын таба алатындай болсын, – деді Шавкат Мирзиёев.
«Дустлик» саябағы да жаңартылып, халықтың сүйікті демалыс орнына айналады. Серуен жолдары, су қоймалары, демалыс орындары жөнделіп, орындықтар орнатылады. Отбасылық ойын-сауық орталығы мен балалар шығармашылық орталығы құрылады. Жастар үшін скейт алаңы салынады.
Мұнда Этносаралық қатынастар және шет елдермен достық байланыстар комитеті орналасқан. Оның артындағы алаңда елдегі ұлттық мәдениет орталықтарының павильондарын салу жоспарланған. Олар әр ұлттың үйі ретінде жасалып, өзіндік мәдениеті мен дәстүрлерін бейнелейді. Бұл аймақ «Дустлик» саябағымен үйлесім табады.
Президенттің бастамасымен 2019 жылы Ташкент қаласында «Навруз» саябағы салынған болатын. Қазіргі таңда ол қаланың көрікті әрі халық көп жиналатын орындарының біріне айналды. Келушілер үшін жағдайды одан әрі жақсарту мақсатында мұнда қонақүй, жабық спорт алаңы, мейрамхана және конференц-зал салу көзделіп отыр.
Өзбекстанда аймақтарды кешенді дамыту аясында барлық жерде жаңа аудандар, саябақтар мен ойын-сауық орындары салынуда. Атап айтқанда, Нурафшон және Наманган қалаларында да «Жаңа Өзбекстан» саябақтары салынды. Келесі жобалар олардың тиімділігін арттыру және көбірек қонақтарды тартуға бағытталған.
Осы мақсатта Нурафшон мен Намангандағы «Жаңа Өзбекстан» саябақтарының жанында туризм орталықтары құрылады. Онда Шығыс базары, қолөнер орындары, амфитеатр, субұрқақ және басқа да нысандар болады. Ағаштар отырғызылып, жасыл аймақтар кеңейтіледі.
Мемлекет басшысы жобаларды сапалы орындау және саябақтарда халық пен туристер үшін қолайлы жағдай жасау бойынша тапсырмалар берді.