Көне Бұхараның тарихи ескерткіштері, қолөнер және гастрономия дәстүрлері туристердің зор қызығушылығын тудырады. Жаңа орталықта осы бай мұраны заманауи қызметтермен ұштастырып, қалада ірі халықаралық мәдени және іскерлік іс-шараларды өткізуге жағдай жасау көзделген.
Президентіміз биыл қаңтар айында Бұхара қаласының бас жоспарын талқылау кезінде мәдени жобаларды туризмді дамыту ісімен сабақтастыра жүзеге асыру, олардың экономикалық тұрақтылығы мен сапалы басқарылуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өткен болатын. Жаңа орталық та қонақтарға ұсынылатын түрлі қызмет түрлерін бір аумаққа шоғырландыруға бағытталған.
Кешен 50 гектар аумақта бой көтеруде. Бұл жобаға жалпы 105 миллион доллар инвестиция тарту жоспарланған.
Жобаға сәйкес, аумақта қабылдау үйі, көрме залы, музей, екі заманауи қонақүй, 80 отбасылық қонақ үйі, 2 мың орындық амфитеатр, 70-тен астам сауда және қызмет көрсету нысаны салынады. Сондай-ақ серуендеу орындары, қолөнер орталықтары мен жасанды көл жасалады. Ғимараттардың сәулеттік келбетін қалыптастыруда Бұхараға тән сәулет дәстүрлерін заманауи шешімдермен үйлестіру көзделген.
Қазір орталықтың 10 гектар аумағында инженерлік-коммуникациялық желілер тартылып жатыр. Бұл жұмыстарға 50-ге жуық арнайы техника жұмылдырылған.
Кешен толық іске қосылғанда 2 мың жұмыс орны ашылып, Бұхараға қосымша 2 миллионнан астам турист тарту жоспарланып отыр. Есеп бойынша жергілікті бюджетке жыл сайын 288 миллиард сум түсім түсуі мүмкін.
Президент жобаның маңызын тек салынып жатқан ғимараттармен өлшеуге болмайтынын атап өтті. Ғасырлар бойы білім мен ғылымның, сауда мен қолөнердің орталығы болған Бұхараның даңқына сай орта қалыптастыру, оның бай мұрасын әлемге кеңінен таныту маңызды екенін айтты. Жаңа орталыққа келген қонақтар қасиетті шаһардың тарихи рухын сезініп, бүгінгі дамуымен танысуы керек. Ал бұхаралықтар туризмнің өркендеуінен жаңа жұмыс орындары мен табыс табуы тиіс. Мемлекет басшысы жобаны осы мақсаттарды басшылыққа ала отырып жүзеге асыруды тапсырды.
Осы жерде Мемлекет басшысы 2027 жылы өткізу жоспарланған саммиттерге орай Бұхараның инфрақұрылымын тыңғылықты дайындау жөніндегі жауапты тұлғалардың баяндамаларын тыңдап, тиісті тапсырмалар берді.