Халық санының өсуі мен урбанизацияның кеңеюі құрылыс материалдарына деген сұранысты жылдан жылға арттыруда. Осыған сәйкес елде құрылыс индустриясы қарқынды дамып, заманауи технологиялар әкелініп, жоғары тиімді өнімдер өндіріле бастады.
«Наманган» еркін экономикалық аймағында орналасқан, «Туронбанк» қаржыландырған газоблок зауыты – соның айқын мысалы. Құны 40 миллион доллар болатын бұл жоба аясында Қытай, Германия, Дания сынды елдерден инновациялық технологиялар орнатылған. Соның арқасында мұнда өндірілетін өнімдердің сапасы мен тиімділігі жоғары.
Мәселен, Германия технологиясы энергияны үнемдеуге мүмкіндік береді. Мұндай газоблоктан салынған ғимаратқа қосымша сыртқы оқшаулау қажет емес, ішкі жылу мен салқындықты төрт есе аз жоғалтады. Нәтижесінде электр энергиясы шығыны 45 пайызға дейін қысқарады.
Өндірісте «Мегатон» компаниясына қарасты «Наманган цементінің» 550 маркалы цементі пайдаланылады. Осылайша қосылған құн тізбегі қалыптастырылған. Зауытта 500 жаңа жұмыс орны ашылды.
Мемлекет басшысы мұндағы өндіріс процесімен, зертхана және дайын өнімдермен танысты. Мамандар өнімнің сапасы, ыстық пен суыққа төзімділігі жайында ақпарат берді.
– Құрылыс өнеркәсібіміз заман талабына бейімделіп, сапалы өнім шығара бастағаны қуантады, – деді Президент. – Мұндай инновациялық технологияларды импорт үлесі жоғары өзге салаларға да енгізу қажет. Сонда нарықта бәсеке артып, тұтынушыларда таңдау мүмкіндігі кеңейеді, жаңа жұмыс орындары ашылады. Осы бағытта ізденімпаз кәсіпкерлерді қолдауды жалғастырамыз.
Аталған кәсіпорында жылына 600 мың текше метр өнім өндіріледі. Бұл облыстың кірпішке деген сұранысының 28 пайызын өтейді.
Жобаның екінші кезеңінде автоклавты газоблок қабырғалары, арнайы желім, химиялық қоспалар мен сылақ түрлерін жергілікті өндіріс есебінен игеру жоспарланған.