Табиғи ресурстары шектеулі бұл өңір экономикасы құрылымдық өзгерістер арқылы дамып келеді. Соңғы сегіз жылда 2 миллиард доллар инвестиция тартылып, 25 мыңнан астам өнеркәсіп кәсіпорындары ашылды. Өндіріс көлемі 2,2 есе өскен. Бүгінде облыста тоқыма, автомобиль жасау, электр техникасы, азық-түлік және құрылыс материалдары өнеркәсібі бар.
«Тошсоқ» магистралды каналы қайта қалпына келтірілгенінің нәтижесінде Хорезм үшін аса маңызды суару жүйесі жақсарды. Әмудария үстінен жаңа көпір салынуы облыс халқының жолын қысқартты.
Сегіз жылда облыста 660 көпқабатты тұрғын үй тұрғызылып, 21 мың отбасы жаңа баспанаға ие болды. 4751 шақырым ауызсу және 206 шақырым кәріз желісі тартылып, 580 мың тұрғын алғаш рет орталықтандырылған ауызсумен қамтылды.
Осы жылдың басынан бері 100 мың мұқтаж азамат жұмыспен қамтылды. Қаңтардағы 12 пайыздық кедейлік деңгейі 6,8 пайызға дейін төмендеп, ең үздік көрсеткішке жетті.
Мұндай жұмыстарды одан әрі кеңейту мақсатында Хорезм облысында да «Реформалар штабы» құрылды. Таныстырылымда кәсіпкерлердің ұсыныстары негізінде жасалған жаңа жобалар туралы ақпарат берілді.
Мысалы, Оңтүстік Кореяның 100 миллион долларлық инвестициясы есебінен Үргеніш ауданында қалдықтарды жағу арқылы электр энергиясын өндіру жобасы жоспарланған.
Австралия компаниясы 820 миллион доллар инвестиция енгізіп, Т»упроққала» ауданында жылына 600 мың тонна экологиялық таза авиациялық отын және 50 мың тонна «жасыл дизель» өндіруді ұсынған. Кәсіпорын қажеттілігі үшін 5,5 мың гектар аумақта 4 гигаваттық күн панельдерін орнату көзделген.
Сондай-ақ Словакия компаниясы 170 миллион доллар есебінен «Тупроққала» ауданында 5 мың гектарға рапс егіп, биологиялық отын өндіретін зауыт салуды жоспарлауда.
Жалпы, Хорезмде 2 миллиард 400 миллион долларлық жаңа жобалар дайындалған. Бұдан бөлек, қала және ауданның қосымша мүмкіндіктері есебінен тағы 86 миллион долларлық болашағы зор жобалар мен бастамалар жасақталған.
Мемлекет басшысы инвесторларға қолайлы жағдай жасап, жобаларды жеделдету жөнінде тапсырмалар берді.
Облыстағы өнеркәсіп аймақтарының толық пайдаланылмай отырғаны атап өтілді. Инфрақұрылым мен жер санаты мәселесін шешіп, 100-ден астам жобаны іске қосу қажеттігі айтылды. Хорезмнің орналасуына сүйене отырып, өнеркәсіп бағыттарын мұқият жоспарлап, облыстың ішкі әлеуетін толық жұмылдыру қажеттігі айтылды.
Кәсіпкерлікті дамыту, көлеңкелі экономиканың үлесін қысқарту мәселесіде сөз болды.












