Мамандардың талдауына орай, мұндай қоңыраулар қарапайым телефон арқылы емес, интернет пен арнайы бағдарламалар арқылы жүзеге асырылады.
Айтылуынша, алаяқтар арнайы технологиялар арқылы өз нөмірлерін жасырып, телефон экранында кез келген елдің нөмірін көрсете алады. Мұндай жағдайда қоңыраудың кім тарапынан және қайдан жасалғанын анықтау едәуір қиындайды. Себебі мұндай нөмірлер SIM-картаға байланыстырылмайды және уақытша жалған нөмірлер болып есептеледі.
Мұндай қоңыраулар абоненттер үшін бірқатар қауіп тудырады. Атап айтқанда, шетелдік нөмірлерге қайта қоңырау шалынған кезде телефон балансындағы қаражат шешіліп кетуі мүмкін.
Сондай-ақ, алаяқтар өздерін түрлі ұйым қызметкері ретінде таныстырып, жеке мәліметтер мен банк картасының кодтарын біліп алуға тырысады.
Қоңырауға жауап беру сіздің нөміріңіздің белсенді екенін білдіреді және бұл кейінгі алаяқтық шабуылдардың көбеюіне әкелуі мүмкін.
Бұдан бөлек, дауыс жазылып алынып, кейін жасанды интеллект арқылы қолдан жасалып, жақындарыңызды алдау үшін пайдаланылуы мүмкін.
Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі азаматтарға бейтаныс және күмәнді шетелдік нөмірлерден келетін қоңырауларға жауап бермеуге, оларға қайта қоңырау шалмауға, мұндай нөмірлерді бұғаттауға және жеке мәліметтерді бөгде адамдарға жария етпеуге кеңес берді.