Кейінгі жылдары бұл бағытта жүйелі реформалар жүзеге асырылып, заманауи өндіріс қуаттары құрылды, өндіріс пен экспорт көлемі артып келеді. Мәселен, биылғы жылдың 9 айында саладағы өндіріс көлемі 16,3 пайызға өсіп, 34 триллион сумға жетті. Экспорт 970 миллион долларды құрады.
Сонымен бірге, салада пайдаланылмай жатқан мүмкіндіктер де аз емес. Әсіресе, жоғары қосылған құнға ие өнімдер үлесін арттыру, мысты терең өңдеу және экспортты әртараптандыру – өзекті міндет болып отыр. Қазіргі уақытта мыс өнімдері экспортының небәрі 60 пайызы ғана жоғары қосылған құнды тауарларға тиесілі.
Таныстырылымда елде терең қайта өңдеуді қолдау, отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған ұсыныстар қаралды. Атап айтқанда, мыс сатып алуда жеңілдіктер беру, несие мөлшерлемесінің 5 пайыздан жоғары бөлігін мемлекет тарапынан субсидиялау, салық және кедендік төлемдер бойынша жеңілдіктер жасау жоспарланған.
Салада дәстүрлі өнімдер өндірумен қатар, жоғары технологиялық түрлерін игеру, оның ішінде электроника мен жартылай өткізгіштер өндірісіне қадам басу қажеттігі атап өтілді.
Жаңа жобалар есебінен алдағы жылдары республикада мыс өндірісінің көлемі 250 мың тоннаға, 2030 жылға қарай 500 мың тоннаға жетеді деп күтілуде. Жауапты басшылар осы шикізат базасын пайдалана отырып, оның негізінде жоғары қосылған құнды өнімдер өндіруге бағытталған жобалар туралы ақпарат берді. Олардың қатарында серверлер, өнеркәсіптік электроника, кондиционерлер, күн панельдері, бақылау-өлшеу және автоматика құралдары, смарт-карталар өндірісі бар. Жалпы, бұл бағытта 2,1 миллиард долларлық 157 жоба қалыптастырылған, олардың нәтижесінде 14,5 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
Сондай-ақ, өңірлердегі электротехника технопарктерінің қызметі де қаралды.
Қазіргі кезде ұлттық өнімдерді халықаралық нарықтарға шығару мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Өзбекстан стандарттар институты Халықаралық электротехника комиссиясының бағалау схемасына мүше орган ретінде қабылданды. Бұл елімізде өндірілген өнімдердің сертификаттарының 53 мемлекетте мойындалуын қамтамасыз етеді.
Техникалық реттеу агенттігі еуропалық серіктестермен сәйкестікті бағалау жүйесін жолға қоюда. Соның нәтижесінде Өзбекстанда өндірілген өнімдерге Еуроодақ талаптарына сәйкестігін растайтын «CE» белгісі беріледі. Бұл Еуропаға экспорт көлемін кемінде екі есеге арттыруға мүмкіндік жасайды.
Мемлекет басшысы жоспарланған шаралар мен жобаларды жеделдетіп іске асыру, экспорттың өсу қарқынын сақтап қалу және жаңа нарықтарға шығу бойынша нақты тапсырмалар берді.









