Дипломатиялық арналар арқылы алынған мәліметтерге орай, жаңартылған тәртіп 1 қарашадан бастап күшіне енеді.
Осыған орай, Өзбекстан азаматтары Мысырға барар алдында кіру визасын осы елдің дипломатиялық өкілеттіктері арқылы рәсімдеуге міндетті. Ал туристік сапарлар өкілетті туроператорлар арқылы ұйымдастырылады.
40 жасқа дейінгі туристерге ерекше талаптар қойылады
Жаңа тәртіпке орай, 40 жасқа дейінгі туристер Мысырға тек жақын отбасы мүшелері— ата-анасының, жұбайының немесе балаларымен бара алады. Бұл ретте отбасының сапар барысында кемінде 5 000 АҚШ доллары көлемінде қолма-қол ақшасы болуы талап етіледі.
Ал 40 жастан асқан, өз бетінше саяхаттайтын азаматтардың кемінде 3 000 АҚШ доллары көлемінде қолма-қол ақшасы болуы қажет.
Шекарада қандай құжаттар талап етіледі?
Мысырға кірген кезде туристер қонақүйге бронь жасалғанын растайтын құжатты, мобильді байланыс деректерін және жеткілікті қаржылық қаражаты бар екенін растайтын мәліметтерді ұсынуы керек.
Сондай-ақ ел аумағында болу кезінде туристік визаны басқа виза түріне ауыстыру туралы өтініштер қабылданбайды.
Белгіленген талаптарға сай келмейтін немесе қажетті құжаттарды толық ұсынбаған жолаушылардың Мысырға кіруіне рұқсат берілмеуі мүмкін. Мұндай жағдайда оларды елге жеткізген әуе компаниясы арқылы кері қайтару шаралары қолданылады.
Өзбекстанның Каир қаласындағы елшілігі азаматтарды Мысырға сапарды жоспарлау кезінде жаңа талаптарды ескеруге шақырды.