Шавкат Мирзияев су электр желісі бойынша жоспарлар таныстырылымына қатысты

    Билік 19 Yanvar 2023 7153

    Президент Шавкат Мирзияев 19 қаңтар күні энергиямен қамтамасыз етуді жақсарту жөнінде кеңес өткізіп, су электр желісіндегі жоспарлардың таныстырылымына қатысты.

    Өзбекстандағы энергетика жүйесін дамытуда барлық ресурстар пайдаланылуда. Қолданыстағы қуаттарды күшейтумен қатар күн, жел және су электр қондырғылары салынуда.

    Атап айтқанда, кейінгі жылдары су энергетикасы саласында құны 500 миллион долларды құрайтын 27 жоба жүзеге асырылып, қосымша 260 мегаватт қуаттар ашылды. «Узбекгидроэнерго» жүйесіндегі станциялардың жалпы қуаты 2 мың мегаватттан асты. Бұл жылына 2 миллиард текше метр көгілдір отын үнемделеді деген сөз.

    Биыл қуаттылығы 197 мегаватт болатын 7 жоба мен 10 шағын су электр станциясын іске қосу жоспарлануда. Қуаты 438 мегаватт болатын 8 перспективалы жоба мен 50 шағын су электр станциясының құрылысы бойынша жұмыстар басталады.

    Мемлекет басшысы гидроэнергетиканың жоғары әлеуетіне тоқталып, қуаттылықты күрт арттыру жөнінде тапсырмалар берді.

    Осыған байланысты шағын су электр станцияларын салуға болатын 250 аумақ анықталған. Есептеулерге сәйкес, келешекте бұл нысандар жылына 675 миллион киловатт-сағат электр энергиясын өндіріп, 200 миллион текше метр газды үнемдей алады.

    Шағын су электр станциаларынан электр энергиясын жоғары бағамен сатып алу жолға қойылғаннан кейін кәсіпкерлердің салаға деген қызығушылығы арта түсті.

    Гидроэнергетика нысандарының айналасындағы бос аумақтарда жел және күнге бейімделген гибридтік станциаларды салу жөнінде тапсырма берілді. Ол жерлерде дайын инфрақұрылым болғандықтан, шығын аз болады.

    Мемлекет басшысы саладағы жергіліктендіру мәселесіне де тоқталды. «Сувсаноатмаш» акционерлік қоғамында шағын ГЭС жабдықтарын, Ташкент облысында гидроагрегаттар шығару жөнінде тапсырма берілді.

    Сондай-ақ су қоймаларын басқаруды цифрландыру және қызметкерлердің біліктілігін арттыру мәселелеріне де назар аударылды.

    Жиында халықты энергиямен қамтамасыз ету шаралары талқыланды. Мемлекет басшысы қолда бар барлық ресурстарды пайдаланып, жаңа әрі перспективалы жобаларды кешіктірмей жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.

    Энергия тапшылығы жағдайында күнделікті өндірісті ұлғайту, ресурстарды әділетті және тиімді бөліп, орындарға дәйекті жеткізу, үзілістерді жылдам жою міндеттері белгіленді.