Үкімет пен министрліктер алдындағы маңызды міндеттер белгілі болды

    Билік 30 Dekabr 2022 5698

    30 желтоқсанда Президент Шавкат Мирзияевтің төрағалығымен әкімшілік реформаларды жүзеге асыру, Үкімет құрылымы мен жұмыс жүйесін өзгерту мәселелері, сондай-ақ 2023 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық дамудың аса маңызды міндеттері туралы кеңес өтті.

    Жиын басында жүргізілген әкімшілік реформалар негізінде Президент жарлығы мен шешімдеріне сәйкес жаңадан тағайындалған Премьер-Министрдің орынбасарлары мен министрлер белгілі болды. Олар жауапты болып табылатын салалардағы өзекті мәселелер, халықтың алдындағы жауапкершілігі мен есеп берулері көрсетілді.

    Биылғы жылдың қиындықтарға толы болғанына қарамастан экономикада оң нәтижелерге қол жеткізілгені айтылды. Атап айтқанда, 2022 жылы жалпы ішкі өнім көлемі 5 пайыздан астам өсті. Экспорт көлемі 14 пайызға өсіп, 19 миллиард долларды құрады. Экономикаға 8 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция құйылды.

    Әлеуметтік салада халықты жұмыспен қамтуды ұлғайту және өмір сүру деңгейін арттыру мақсаты басым бағыт болып қалады. Биыл тарихта тұңғыш рет зейнетақы мен әлеуметтік төлемдердің мөлшері ең төменгі тұтыну шығысынан төмен емес деңгейге жетті. Махалла инфрақұрылымын жақсарту, халықты көп жылдардан бері мазалап жүрген мәселелерді шешуге қыруар қаржы бағытталды. 2 миллионнан астам күн көрісі төмен отбасына әлеуметтік көмек көрсетілуде. Өңірлерде білім беру және емдеу мекемелері, ауыз су желілері, жолдар салынуда.

    Жиында алдағы жылы экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз ету міндеттері талқыланды. Атап айтқанда, өнеркәсіпте 5 пайыздан, ауыл шаруашылығында 3 пайыздан, қызмет көрсету саласында 14 пайыздан астам өсімге қол жеткізу міндеті қойылды.

    Экономика және қаржы министрлігіне бизнес үшін жағдайды жақсарту, салық салу базасын кеңейту, халықтың сатып алу қабілетін арттыру тапсырылды.

    Инвестициялар, индустрия және сауда министрлігіне ірі өнеркәсіптердегі өнімділікті арттыру, өндірісі жоқ аудандардың әлеуетін зерттеп, олардың «өсу нүктелерін» пайдалану міндеті жүктелді. Тек инвестиция мен экспорт қана экономиканы алға сүйрейтіні, келер жылы экспорт көлемін 23 миллиард доллардан ұлғайту қажеттігі баса айтылды. Жалпы құны 8 миллиард долларды құрайтын 300-ден астам жобаның іске қосылғаны және 40 жаңа ірі жобаның іске қосылғаны атап өтілді.

    Көлік саласында жолаушылар көлігі қызметін жақсарту, барлық жолдардың цифрлық картасын әзірлеу, жолдардағы сервисті арттыру шаралары белгіленді.

    Сондай-ақ білім сапасын арттыру, ғылым, туризм, мәдениет пен спортты дамыту мәселелеріне назар аударылды. Денсаулық сақтау және фармацевтика саласындағы сыбайлас жемқорлықты жою, мемлекет қамқорлығын қажет ететін науқастармен жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігі сөз болды.

    – Министрлер ізденуі, бүкіл жүйені іс жүзінде өзгерту керек. Барлығымыз қарапайым және риясыз болып, халықты сүюіміз және аянбай еңбек етуіміз қажет. Біздің түпкі мақсатымыз – халқымыздың көңілінен шығу, деді Президент.

    Сыни рухта өткен жиында биылғы жылы жіберілген кемшіліктер айтылып, тиісті шаралар белгіленді.

    No date selected
    April 2024
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    Use cursor keys to navigate calendar dates