Жүргізілген реформалар нәтижесінде химия саласына нарық қағидаттары енгізіліп, инвестициялар ағынына кең жол ашылды. Өндірістік тізбекті кеңейту мақсатында Науаи, Ферғана және Қоңыратта үш химия кластері, ал Шыршық пен Жызақта екі технопарк құрылды. Қоқандтағы суперфосфат зауыты толықтай жаңғыртылды.
Соңғы бес жылда салада 23 жаңа кәсіпорын іске қосылып, 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Халықаралық брендтер нарыққа енді, шағын тоннажды өнімдер өндірісі жолға қойылды. Нәтижесінде, химия өнеркәсібінде өндіріс көлемі 1,5 есеге артты.
Таныстырылымда жауапты басшылар биылғы жылғы жұмыстар мен жоспарлар туралы есеп берді.
Атап айтқанда, 2025 жылдың бірінші тоқсанында салада 181 миллион АҚШ доллары көлеміндегі инвестиция игерілген, ал жалпы құны 39 миллион доллар болатын үш жоба іске қосылған.
Енді екінші тоқсанда шетелдік инвестициялар есебінен жалпы құны 170 миллион долларды құрайтын «жасыл» сутегі және циан тұздарын өндіретін кәсіпорындар іске қосу көзделіп отыр.
Цифрландыру үдерісі жалғасын тауып, химия саласының өзге салалармен интеграциясы кеңейтілмек. Химия зауыттарында Бірыңғай қазынашылық жүйеде қосымша модульдер ашылады. Сондай-ақ, «Бірыңғай цифрлық платформа» толық іске қосылып, кәсіпорындардың 15 негізгі экономикалық көрсеткіштері жүйеде көрініс табады.
Тағы бір маңызды мәселе – энергия үнемділігі. Энергияны тиімді пайдалану мен өндірістік қуаттарды толық игеру арқылы өнімнің өзіндік құнын төмендету қажеттігі атап өтілді.
Салада әлі де толық пайдаланылмай жатқан мол мүмкіндіктер бары көрсетілді. Ішкі нарықтағы өнімдерге деген сұраныс қарқынды артуда. Әлемдік нарықтағы тұрақсыздықтар да жаңа міндеттерді күн тәртібіне қойып отыр.
Осыған байланысты саланы құрылымдық тұрғыдан жаңарту, өндірісті жергіліктендіру және қосылған құны жоғары өнім үлесін арттыру бойынша нақты шаралар талқыланды.
Жауапты басшыларға заман талабына және алдағы экономикалық болжамдарға сай химия өнеркәсібін дамыту жөнінде жаңа бағдарлама әзірлеу тапсырылды. Онда жаңа бағыттарды игере отырып, саланы әртараптандыру және жоғары қосылған құнға ие өнім өндіруге ерекше мән беру қажеттігі атап көрсетілді.









