Президент Имам Бұхари кешенін зиярат етті

    Президент Шавкат Мирзиёев 26 тамыз күні Самарқандқа сапармен барды.

    Ізгі дәстүрлерімізге сәйкес, алдымен Имам Бұхари кешеніне зиярат жасалды. Құран оқылып, дұға бағышталды.

    – Еліміздің тәуелсіздігінің 33 жылдық мерекесі қарсаңында тұрмыз. Тәуелсіздігіміз мәңгі болып, елімізге көз тимесін. Халқымызды риза ету жолындағы жұмыстарымызды Алланың өзі қолдасын. Бұл кешенді салудағы мақсатымыз да – Имам Бұхаридың қадірін одан әрі арттырып, әлемге жар сала айтуға негіз жасау. Осындай қайырлы істеріміз көп болсын, – деді Шавкат Мирзиёев.

    Белгілі болғандай, Мемлекет басшысының бастамасымен Имам Бұхари кешені қайтадан тұрғызылуда. Кесене алаңы 600 шаршы метрге дейін кеңейтіліп, биіктігі 28 метрге дейін көтерілген. 10 мың адамға арналған мешіт салынған. Кешеннің төрт бұрышында 75 метрлік мұнаралар бой көтерген. Қазіргі уақытта құрылыс және инженерлік жұмыстар аяқталып, әрлеу кезеңі басталды. Бұл жұмыста ұлттық дәстүр мен жылы түстерге ерекше назар аударылған.

    Мемлекет басшысы осындағы құрылыс және әрлеу жұмыстарымен танысты. Кешенде заманауи және қауіпсіз басқаруды енгізу қажеттігі атап өтілді.

    – Бұл кешен үлкен рухани тірек болуы керек, – деді Президент.

    Жауапты азаматтарға барлық аудан мен қалалардағы қасиетті зиярат орындарын қалпына келтіру, олардың тарихы мен мазмұнын дұрыс түсіндіру жөнінде нұсқаулар берілді.

    Кешенде, сондай-ақ, мұражай, нақышты бөлмелер, әкімшілік және қызмет көрсету ғимараттары салынуда. Мемлекет басшысы болашақ мұражаймен де танысты.