Мемлекет басшысы Ташкент қаласындағы инвестициялық жобалардың таныстырылымына қатысты

    Билік 27 Iyun 2022 5151

    27 маусымда Президент Шавкат Мирзияев Ташкентте жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың таныстырылымына қатысты.

    Биыл Ташкентте 4 миллиард долларға жуық инвестициямен 500-ден астам жоба жоспарланған. Бүгінгі таңда 1,5 миллиард доллар игерілді. 120 млн долларды құрайтын 71 жоба іске қосылып, 5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Құны 2,3 миллиард доллар болатын тағы 450 жоба жүзеге асырылуда.

    Мемлекет басшысы бірінші жартыжылдықтағы көрсеткіштердің жеткіліксіз екенін атап, кейінге қалдырылған жобалар мәселесін шешу, инвестиция тартуды арттыру жөнінде тапсырмалар берді.

    Сондай-ақ бүгінгі презентацияда «Янгихайот» индустриалды технопаркінде атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасалды.

    Бұл туралы Өзбекстан Президентінің 2021 жылғы 4 ақпандағы жарлығында айтылған. Осынау технопаркке 210 гектар жер бөлінген. Бас жоспар әзірленіп, бүгінде инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылысы басталған.

    Мемлекет басшысы бұл экономикалық және әлеуметтік маңызды жоба екенін атап өтті.

    – Ешбір елде кәсіпкерлерге жеңілдік жасамай, нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Бұл технопарк кәсіпкерлерге қолайлы аумақ болуы керек. Импортты алмастыратын, көп жұмыс орындарын қамтамасыз ететін жобаларға назар аудару керек, – деді Шавкат Мирзияев.

    Бірінші кезеңде технопарктің 110 гектары аукционда сатылды. Олардың ішінде ас үй техникасын, кондитерлік және тоқыма бұйымдарын, сантехникалық бұйымдарды, полиэтилен және металл бұйымдарын шығару жобалары бар. Жалпы, технопаркте құрылатын кәсіпорындарда 20 мың жұмыс орнын ашу жоспарлануда.

    Ташкенттің қызмет көрсету саласында да әлеуеті зор. Соңғы бес айда бұл салада 5500 жоба бойынша 183 мың жұмыс орны ашылды.

    Мемлекет басшысы халықтың сұранысы мен мүмкіндіктері артып келе жатқанын, сондықтан қызмет көрсету саласын кең көлемде дамыту қажеттігін атап өтті. Жастарды осы бағытта оқытып, қызмет көрсету сапасын арттырып, жұмыспен қамтуды тапсырды.