Мемлекет басшылары алдымен «Шахи Зинда» кешеніне барды.

Бұл жерде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) сахабаларының бірі Қусам ибн Аббастың және басқа да тұлғалардың кесенелері орналасқан. Кешеннің тарихи, мәдени және көркемдік маңызы - онда сәулет және безендіру өнерінің бірнеше ғасырлық даму кезеңдері бейнеленгенінде. «Шахи Зинда» 2001 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген.

Рәсімге сәйкес, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.)-ның қызы Фатима мен күйеу баласы Әли ибн Әбу Талибтің ұрпақтары саналатын Хашимит әулетінің өкілі Иордания Королі Қусам ибн Аббастың рухына құрмет көрсетті. Құран оқылды.

Әмір Темір кесенесін зиярат ету барысында Иордания делегациясына ұлы бабамыздың мемлекет құру саясаты, әскери шеберлігі, түрлі елдермен дипломатиялық байланыстары жөнінде сөз айтылды. Сайыпқыран өмірі мен қызметі, оның мемлекеті өз дәуірінің ең ірі мемлекеті болғаны қонақтарда зор әсер қалдырды.

Мемлекет басшылары сондай-ақ Ұлықбек, Шердор және Тиллақари медреселерінен құралған Регистан кешенін де зиярат етті. Ғасырлар бойы бұл ескерткіштер ғылым мен білім орталығы болған, жүздеген ғалымдар мен зерттеушілерді тәрбиелеген. Өзіндік үйлесімі мен орналасуының әсемдігі арқасында Регистан орынды түрде Самарқандтың «визит карточкасы» саналады.

Танысу барысында жоғары мәртебелі мейманға осы нысандардың салыну тарихы, өрнектерінің ерекшеліктері және алаңда жүргізілген реставрация жұмыстары жөнінде ақпарат берілді.