баннер
31 Mar 2025
15:49

    Президент дарынды жастарды қолдау бойынша тұсаукесермен танысты

    27 наурыз күні Президент Шавкат Мирзиёев дарынды жастарды қолдау және олар үшін жасалып жатқан мүмкіндіктерді жетілдіруге арналған жаңа бастамалар бойынша тұсаукесермен танысты.

    Өзбекстан тарапынан жастардың зияткерлік әлеуетін арттыру, оларды ынталандыру мақсатында кең ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Қазіргі уақытта 14 Президент мектебі, 185 мамандандырылған және 9 шығармашылық мектеп жұмыс істеп тұр. Бұл білім ордаларындағы оқыту мен бағалау жүйесі 1 500-ге жуық жалпы білім беру мектебіне енгізілген. Сондай-ақ, дарынды түлектер үшін «Жаңа Өзбекстан» университеті ашылды.

    Бұлар – жастардың әлемдік деңгейде білім алуына жол ашатын берік негіз. Ендігі міндет – оларды дұрыс бағыттап, әлемнің ең үздік университеттерінде оқуға көмектесу.

    Өткен айда жастармен кездесуде Мемлекет басшысы осы бағытта бірқатар бастамалар ұсынған еді. Тұсаукесерде сол бастамалардың практикалық және ұйымдастырушылық қырлары талқыланды.

    Атап айтқанда, биылғы қыркүйектен бастап халықаралық мектеп жұмысын бастау жоспарланып отыр. Оған 8-сыныпты үздік бітірген 60 дарынды ұл мен қыз қабылданады. Оқу бағдарламасы халықаралық стандартқа сай үш бағыттан тұрады: негізгі пәндер, бейіндік пәндер және көшбасшылық пен қоғамдық белсенділікке баулитын пәндер. Оқу жылы 3 кезеңге бөлініп, 11 айға созылады.

    Мемлекет басшысының тағы бір бастамасына сәйкес, жастарды АҚШ-тың әйгілі «The Ivy League» университеттеріне дайындау қолға алынады. Осы мақсатта 6 сатылы Ұлттық бағдарлама қабылданады. Алғашқы жылы 3 мың оқушы іріктеліп, оларға Президент мектептері мен мамандандырылған мектептерден 208 кеңесші тағайындалады.

    Оқушылар жыл бойы «Ренессанс» лагерьінде үш апталық қарқынды дайындық курсынан өтеді. Ең үздік нәтиже көрсеткен 40 оқушы «The Ivy League» университеттерінде тағылымдамадан өтуге жіберіледі.

    Тағы бір маңызды мәселе – шетелде оқып келген жастарды елде өз мамандығы бойынша лайықты жұмысқа орналастыру. Осы мақсатта «Ел үміті алтын қоры» қауымдастығын құру ұсынылуда. Бұл арқылы дарынды жастар бірыңғай платформада біріктіріледі. Шетелден білім алған жастарға жеңілдіктер, гранттар, стартап бағдарламалар мен өзге де мүмкіндіктер жасалады. Әр жылы 25 мамырда қауымдастық құрылтайы өтіп, білім реформалары, жастарға жасалған мүмкіндіктер, шетелдік ЖОО тәжірибесі жөнінде ашық пікір алмасу ұйымдастырылады.

    Мемлекет басшысы бұл ұсыныстарды мақұлдап, дарынды жастарды қолдауды жүйелі түрде жолға қою қажеттігін атап өтті.

    Қазіргі таңда «Эл-юрт умиди» қоры арқылы 750-ге жуық отандасымыз шетелде білім алуда. Президент жауапты тұлғаларға осы мүмкіндіктерді кеңейту және қордың жұмысын жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар берді.

    Мы в Телеграм
    Text to speech