Мемлекет басшысы халықты толғандырып отырған мәселелерге арналған жиын өткізді

    Президент Шавкат Мирзиёев төрағалығымен 16 маусым күні реформалардың нәтижелілігі, өңірлердегі жұмыстар барысы және халықты толғандырып отырған мәселелерге арналған видеоселекторлық жиын өтті.

    Жиын басында осы жылдың алғашқы бес айындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер айтылды. Атап айтқанда, өнеркәсіп 6,4 пайызға, экспорт көлемі 18 пайызға, шетелдік инвестициялар 46 пайызға артты. Жалпы құны 3 миллиард доллар болатын 2 500-ден астам жаңа өндіріс іске қосылды. Нәтижесінде 2 миллион 400 мың адам табыс көзіне ие болды.

    Сонымен бірге, әлемде түрлі қақтығыстар өршіп, сауда байланыстары мен логистика қиындап бара жатқаны атап өтілді. Бүгінде бейбітшілік, әділдік пен адам қадірін ардақтау – бұрынғыдан да маңызды қажеттілікке айналды.

    Осыған байланысты әкімдер мен министрлер мүмкіндіктерді дұрыс бағалап, бастамашыл түрде жұмыс істеп, халық және кәсіпкерлермен байланысты күшейтіп, олардың мәселелерін жедел шешуі қажет.

    Жиында бұл мәселелер өңірлер мен салалар аясында талданып, жүйелі кемшіліктер көрсетілді.

    Мысалы, әрбір аудандағы 40-тан астам мекемеде орта есеппен 500 қызметкер жұмыс істейді. Бірақ кейбір қарапайым мәселені шешу үшін алдымен облыстан, одан кейін республикадан рұқсат алу қажет. Немесе өкілеті мен қаржысы жеткілікті ұйымдар өздерін тек «бақылаушы» деп санап, халықтың мұң-мұқтажына назар аудармайды.

    Министрлер мен үкіметтегі жауапты тұлғалар тәртіпке салғырт қарағандықтан, реформалар баяу жүзеге асып жатыр. Сот шешімдерінің уақтылы орындалмауына байланысты да көптеген шағымдар түсіп жатқанын атап өтілді.

    Жылдың қалған бөлігінде 26,5 миллиард доллар инвестиция тарту, 1 қыркүйекке дейін 3,3 миллиард долларлық 35 ірі жобаны іске қосу жоспарланған.

    Жақында өткен Ташкент халықаралық инвестициялық форумында 30,5 миллиард долларлық сауда және инвестициялық келісімдерге қол қойылды. Енді бұл келісімдер бойынша да жүйелі жұмыс жүргізу қажет.

    Сол себепті жиында атқарушылық тәртіпті нығайту, халықтың мәселелерімен жұмыс істеудің жаңа жүйесін енгізу тапсырылды.

    Бұдан былай атқарушылық тәртіп үшін Есеп палатасы жауапты болады, оның өкілеттігі кеңейтіледі. Берілген қаржының тек дұрыс жұмсалуы ғана емес, сонымен қатар одан қандай нәтиже шыққаны және халық қаншалықты риза болғаны да зерттелетін болады. Палата осы талдау негізінде Президентке ұсыныстар енгізеді. Президент Әкімшілігінің Бақылау инспекциясы таратылады.

    Ташкент қаласында оң нәтиже көрсеткен «Халықтық бақылау» электрондық порталы енді бүкіл республика бойынша іске қосылады. Бұл жүйе барлық шағымдарды жинақтайтын бірыңғай платформа болады, оған барлық министрліктер, мекемелер мен әкімдіктер қосылады.

    Соңғы уақытта Халық қабылдауханалары халықтың мәселесін шешудің орнына, тек өтініштерді мекемелерге бөліп тарататын делдалға айналып кеткені айтылды. Аймақтардағы проблемалар шешілмегендіктен, әлеуметтік желіде наразылықтар көбейген.

    Мемлекет басшысы халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, оларға жағдай жасау – басшылардың басты міндеті екенін қадап айтты.


    - Әрбір өтініштің артында адамның тағдыры, оның уайымы мен үміті тұрғанын ұмытпауымыз керек. Халықтың қайғы-қасіретімен өмір сүру – біздің парызымыз», – деді Шавкат Мирзиёев.

    Сол себепті Халық қабылдауханалары құрамына шынайы жанашыр мамандар тартылатыны айтылды. Енді облыс пен аудан әкімдерінің өздері осы қабылдауханаларға басшылық етеді. Олар күн сайын жұмысын халықтың мұңын тыңдаудан бастайды. Бүгінгі мәселені ертеңге қалдыруға жол берілмейді. Өтінішті басқа мекемеге жібермей, сол жерде шешуі міндет. Ол үшін аудан әкімінің өкілеттігі кеңейтіледі.

    Мысалы, әкімнің аудандағы мекемелер штатын бөлуге, жақсы басшыны марапаттауға немесе тиімсіз басшыны қызметтен босатуға құқығы жоқ. Әкімдер мен олардың орынбасарларының көп уақыты жиналыстарға кетіп жатыр.

    Аудан деңгейіндегі штат құрылымы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сәйкес келмейді. Салалық мекемелер көпжылдық жоспар жасап, бастама көтермейді, тек күнделікті тапсырмалармен айналысады.

    - Аудан деңгейі тиімді жұмыс істемесе, жоғарыдан қандай тапсырма берілсе де, мақсаттарға жету мүмкін емес, – деді Президент.

    Мемлекет басшысы осы мәселелерді шешуге бағытталған маңызды бастамалар ұсынды.

    Енді кейбір аудандарда басқару тәсілі өзгереді. Биыл Сұрхандария облысы мен тағы 16 өңірде (Бектемір, Қоңырат, Чимбай, Асака, Ғиждуван, Ғаллаорол, Яккабоғ, Хатирчи, Чортак, Булунғур, Сырдария, Қува, Шовот, Хазарасп аудандары, Марғилан мен Янгийул қалалары) жаңа басқару моделі енгізіледі.

    Яғни, экономика мен қаржы, инвестиция, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту, құрылыс, экология, мәдениет, отбасы және әйелдер, жастар мәселелері бойынша 9 мемлекеттік органның аудан бөлімшелері әкімдік жүйесіне өтеді. Бұл құрылымдардағы барлық штаттарды бөлу, жұмысқа қабылдау және босатуды әкім шешеді. Аудандардың қарауында қалатын қаржы көлемі де арттырылады.

    Бұдан былай әр ауданда 4 әкім орынбасары болады. Қай салаға жауапты орынбасар қажет екенін әкімнің өзі анықтайды. Әкім орынбасарларына нақты міндеттер жүктеліп, әрбір қызмет пен функцияға тиісті қаржы бекітіледі.

    Егер әкім мен оның орынбасарлары тиімді жұмыс істесе, келесі жылы өңірге бөлінетін қаржы 10–15 пайызға көбейтіледі. Кері жағдайда қаржы арттырылмайды, ал жауапты басшы қызметінен босатылады.

    Ауданда сала басшылары мен кәсіпкерлерден құралған «Реформа штабы» құрылады. Осы штаб арқылы әрбір махалла деңгейінде жобалар, инфрақұрылым, қаржыландыру және кадр мәселесін қамтитын үш жылдық бағдарлама жасалады. Келесі жылға арналған бюджет, инфрақұрылым, өндіріс, қызмет көрсету, инвестиция және жұмыспен қамту жоспарлары осы бағдарлама негізінде бекітіледі.

    Бұл жаңа тәжірибе. Нәтижесіне қарай, келесі жылдан бастап бүкіл республикада енгізіледі.

    Тағы бір маңызды жаңалық – жұмыс тиімділігін арттыру үшін 1 тамыздан бастап барлық облыс және аудан әкімдіктерінде жалақы өсіріледі. Қызметкерлерге жұмысына байланысты үстемеақы мен қосымша бонус беріледі.


    Алайда, өзіне жүктелген міндетті орындай алмағандарға шара қолданылады. Осылайша, барлығы тәртіппен және жоспарлы түрде жұмыс істеуге үйренеді.

    Жиында өңірлерде жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, кедейлікті азайту, инвестиция мен экспортты арттыру және іскерлік ортаны жақсарту мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Салық әкімшілігін жетілдіріп, халықтың кәсіпкерлігін қолдау және жұмыс орындарын ашу қажеттігі айтылды.

    Махаллаларға су жеткізіп, көкөніс пен жеміс өсіру, заманауи агротехнологиялар арқылы экспортты ұлғайту мүмкіндіктері көрсетілді. Орман мен жайылымдарды мал шаруашылығында пайдаланып, ет пен сүт өнімдерін көбейту, азық-түлік инфляциясын тежеу шаралары белгіленді.

    Қалаларда қоғамдық көлікті дамыту, жол қозғалысын дұрыс ұйымдастыру, кептеліс пен жол апаттарын азайту маңыздылығы айтылды. Адамдар серуендейтін орындар, көгалдар мен балалар алаңдарын көбейту қажеттігі баса айтылды.

    Жиын соңында талқыланған мәселелер бойынша Премьер-Министр, үкімет мүшелері мен әкімдер есеп берді.