Бёрге Бренде Дүниежүзілік экономикалық форумдағы жұмысы өте нәтижелі болғанын айтты. Қоштасу сөзінде ол Эпштейнмен байланысы туралы айтқан жоқ.

АҚШ Әділет министрлігі 2017 жылдан бері Дүниежүзілік экономикалық форумның президенті болып қызмет атқарған мырза Бренденің Эпштейнмен бірнеше рет іскерлік кешкі асқа қатысқанын және онымен электрондық пошта арқылы да хат алмасқанын мәлімдеген еді. Осыдан кейін Дүниежүзілік экономикалық форум басшылығы Бренденің Эпштейнмен қарым-қатынасына байланысты тәуелсіз тергеу бастады.

Жеффри Эпштейн кәмелетке толмағандарды жыныстық  эксплуатациялауға қатысы бар деп айыпталған. Ол 2019 жылы түрмеде қайтыс болды. Тергеушілер Эпштейн өзіне қол жұмсады деп есептейді. 30 қаңтар күні АҚШ Әділет министрлігі Эпштейн ісіне байланысты тағы 3 миллион файлды жариялады. Министрлік мәліметінше, бұрын жарияланғандарын қоса есептегенде, іс бойынша барлығы 3,5 миллионнан астам құжат жарияланған.