Бұл кешен халыққа қажетті барлық медициналық қызметті бір жерде көрсету мүмкіндігін жасап беретіндігімен ерекше маңызды. Жоба облыста құрылып жатқан медициналық кластердің алғашқы кезеңін құрайды.
Заманауи медицинада мұндай кластерлік тәсіл жедел диагностика, жоғары технологиялы емдеу және емделушілер үшін бюрократиялық рәсімдерді азайтудың ең тиімді моделі ретінде танылған.
Мемлекет басшысына орталықтың мүмкіндіктері жөнінде ақпарат берілді. Президент пациенттерді емдеу және дәрігерлердің тиімді жұмыс істеуі үшін жасалған жағдайлармен танысты.
Орталық заманауи жеті қабатты ғимаратта орналасқан, тәулігіне 400-ге жуық науқасты қабылдай алады. 344 орынды бұл орталыққа жалпы құны 100 миллиард сумнан асатын заманауи жабдықтар – МРТ, МСКТ жүйелері, зертханалық кешендер және жоғары технологиялы хирургиялық құрылғылар орнатылған.
Поликлиника, радиология, кардиохирургия, нейрохирургия, офтальмология және урология сияқты бөлімдердің бір жерде болуы медициналық қызмет көрсетуді жеделдетеді, дәрігерлер арасындағы өзара байланысты күшейтеді және науқастардың қозғалысын жеңілдетеді. Әсіресе, жаңа мүмкіндіктер есебінен жоғары технологиялы операциялар үшін кезектің қысқаруы – жобаның ең үлкен әлеуметтік тиімділігі.
Орталық толық іске қосылған соң, Жызақ тұрғындарының республика деңгейіндегі немесе көрші облыстардағы емханаларға бару қажеттілігі 75–80 пайызға қысқарады.
Медицина кластерінің аясында Қазан федерал университетімен ұзақ мерзімді әріптестік орнатылып, жергілікті мамандардың біліктілігін арттыру, озық диагностика және емдеу әдістерін енгізу, заманауи медициналық стандарттарды меңгеру мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.
Президент денсаулық сақтау саласының басшылары және қызметкерлерімен пікір алмасты.
Мемлекет басшысы медициналық кластерлер мен көпсалалы клиникаларды басқаруда ескірген тәсілдерден бас тартып, жаңа механизмдерді енгізу қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, саланың әр бағыты бойынша шетелден халықаралық сарапшылар мен жетекші менеджерлерді тартып, отандық мамандарды өзімізде – тікелей медициналық мекемелерде оқыту, олардың біліктілігін арттыру, саланы цифрландыру және жасанды интеллекттен кеңірек пайдалану қажет екені айтылды. Бұл бағыт Жызақ тәжірибесінің негізі болуы тиіс екені атап өтілді.
Президент халықтың медициналық қызмет сапасына қанағаттануы мәселесіне де ерекше тоқталды. Салада жүргізілетін кез келген өзгерістің ең басты мақсаты – адам қадірін жоғары қою болуы тиіс.
– Азаматтарды көп жағдайда жаңа ғимарат немесе онда жасалған жағдайлар емес, қызметтің сапасы, дәрігердің білімі, біліктілігі және адалдығы толғандырады. Ауруханаға келген адам ең әуелі ықылас, дұрыс диагноз және жедел, сапалы ем алуды қалайды. Сондықтан ең басты міндет – халыққа шын көңілмен қызмет көрсететін, жоғары білікті әрі құзыретті медициналық жүйе құру, – деді Мемлекет басшысы.
Осы жерде Қазан медицина университетінің Жызақ филиалының оқытушылары және студенттерімен кездесу өтті. Оқу процесінде практикалық сабақтарды көбейту, студенттерді дүниежүзілік медицинаның жетістіктері және озық тәжірибелерімен тұрақты таныстырып отырудың маңыздылығы атап өтілді.












