Жызақ облыстық ІІБ баспасөз қызметінің хабарлауынша, инспектор Ғаллаорол ауданындағы ЖПХ қызмет атқарып жүрген кезінде жүргізушілерді тоқтатып, оларды мас күйде деп айыптаған. Оның негізгі «құралы» – құрылғыдағы жалған нәтижелер мен жүргізушілердің құқықтық сауатсыздығы болған.
Оқиғаның мән-жайларына орай, инспектор Lacetti маркалы автокөлік жүргізушісін тоқтатып, тексеруден өткізген. Қызметкер жүргізушілерді алдап, алкотестер соңғы 72 сағат (3 тәулік) ішінде тұтынылған алкогольді анықтай алады деп мәлімдеген. Жүргізуші ішімдік ішпегенін айтқанына қарамастан, инспектор оған алкотестердің «оң» нәтижесін көрсеткен.
Қызметкер хаттама толтырмау үшін 1 миллион сум талап еткен. Амалсыз қалған жүргізуші 500 мың сумды инспектор көрсеткен банк картасына аударып берген.
Жедел тергеу барысында қызық жайт анықталды: ақша аударылған банк картасы ЖПХ орнына жақын орналасқан айып тұрағының қызметкеріне тиесілі болып шықты. 48 жастағы бұл азамат инспектормен келісіп, қылмыстық табысты жинауға көмектескен.
Қазіргі уақытта аталған жағдай бойынша қызметтік тексеру аяқталды. Жиналған материалдар ЖПХ қызметкерінің әрекеттеріне құқықтық баға беру және қылмыстық іс қозғау мәселесін шешу үшін прокуратура органдарына ұсынылды.