Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2030 жылға қарай әлем халқының шамамен 45 пайызы семіздікке ұшырауы мүмкін деп қатты алаңдайды.

Ең жаманы, проблема қазірдің өзінде алаңдатарлық деңгейге жеткен. Сол себепті кеше ДДСҰ семіздікті Еуропа аймағында эпидемия деп жариялады.

Ұйымның есебіндегі көрсеткішінде, кәрі құрлықта тұратын үлкен жастағы тұрғындардың 60 пайызы артық салмақ пен семіздіктен зардап шегуде.

Сондай-ақ, әр үш баланың біріне (ұлдардың 29 пайызы және қыздардың 27 пайызына) осындай ауру нақтамасы қойылған. Ең сорақысы, бұл ауру жыл сайын 1,2 миллион адам өмірден көз жұмады.

Сонымен, бұл проблеманы қысқа мерзімде жою мүмкін бе?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, қазіргі динамиканы есепке алғанда,  Еуропаның бірде-бір елі 2025 жылға қарай семіздікке қарсы күресте оң нәтижеге қол жеткізе алмайды.

Дене белсенділігінің төмендеуі, дұрыс тамақтанбау және коронавирус шектеулердің теріс салдары алдағы жылдары да адамдардың денсаулығына зиянын тигізеді.

Осыны ескере отырып, ДДСҰ проблеманы тиімді шешу үшін бірқатар ұсыныстар жасады, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Осыған орай:

- құрамында қант бар сусындар үшін салықты енгізу айтарлықтай нәтиже береді;

- денсаулық үшін пайдалы тағамның құнын төмендеткен жөн;

- салауатты өмір салтын қамтамасыз етуге бағытталған спорттық жарыстар мен басқа да іс-шараларға халықтың қатысуын кеңейту қажет;

- бірыңғай медициналық қызметтен пайдалану жүйесін жеңілдету қажет.