Форумның ашылуына Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев қатысып, сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы әлемде байқалып отырған геосаяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақсыздық, климаттың өзгеруі жағдайында жаһандық экономикалық өсімнің баяулағанына назар аударды. Соның салдарынан кедей халық саны артқаны, бұл жағдай барлық мемлекеттер, халықаралық ұйымдар, жалпы әлемдік қауымдастық алдына жаңа әрі өзекті міндеттер қойып отырғаны айтылды.
Осындай күрделі кезеңде Өзбекстанда кедейлікке қарсы күрес мемлекеттік саясат деңгейіне көтерілді. Барлық күш-жігер әрбір азаматтың, әсіресе жастар мен әйелдердің өз әлеуетін толық ашуы үшін жағдай жасауға және мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталды.
Жаңартылған Конституцияда зейнетақы, жәрдемақы және әлеуметтік көмектің ең төменгі тұтыну шығындарынан аз болмауы бекітілді.
Дәйекті реформалардың нәтижесінде 7,5 миллион адам кедейліктен шығарылып, 2024 жылы бұл көрсеткіш 8,9 пайызға дейін төмендетілді. Жыл соңына дейін кедейлік деңгейін 6 пайызға дейін азайту жоспарланған.
Осы уақыт ішінде ел экономикасы 2 есеге өскені де маңызды фактор болды. Жыл қорытындысы бойынша жан басына шаққандағы табыс 3,5 мың долларға жетеді деп күтілуде.
Жаңа бастамалар мен тәжірибелер сыннан өткізіліп, әлемдік оң тәжірибелер зерттеліп, кедейлікті азайту бойынша Жаңа Өзбекстан моделі жасалды.
Ең алдымен, атаулы әлеуметтік парақша енгізіліп, барлық мұқтаж отбасылар қамтылды. Пандемия кезінде тегін дәрі-дәрмек пен әлеуметтік жәрдемақылар үшін жалпы 8 миллиард доллар көлемінде қаражат пен жеңілдіктер берілді. Соның арқасында 5 миллион 200 мың адамның «кедейлік қақпанына» түсіп қалуының әрі экономикалық рецессияның алдын алынды.
Қоғамның ең төменгі буынына дейін жетіп, «махаллабай» жұмыс істеу жүйесі жолға қойылды. Әрбір үй, әрбір отбасы бойынша жеке жоспар жасалып, табысын арттыру үшін жеткілікті ресурс бөлінді.
Махаллаларды абаттандыруға, халық тұрмысын жақсартуға және кәсіпкерлік инфрақұрылымын дамытуға жыл сайын 2,5–3 миллиард доллар бағытталуда.
Ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін 235 мың гектар мақта және бидай алқабы қысқартылып, халыққа 30–50 сотықтан жер үлестірілді. Бұл 800 мың адамның табысын көбейтуге үлкен қадам болды.
– Осындай кең көлемді күш-жігеріміздің арқасында Өзбекстан 2030 жылға дейін кедейлікті 2 есе қысқарту бойынша алған міндеттемесін мерзімінен бұрын орындауға ұмтылуда. Осыны ескере отырып, бүгін біз жаңа, одан да биік межені белгілеуге дайынбыз. 2030 жылға қарай халықаралық өлшемдерге сәйкес Өзбекстанда абсолютті кедейлікті толық жоюға барлық мүмкіндігіміз бар және біз мұны сөзсіз жүзеге асырамыз, – деді Президентіміз.
Мемлекет басшысы «Кедейліктен – өркендеуге» бағдарламасының мазмұны мен мәніне де тоқталды. Бұл бағдарлама жеті басым бағытты қамтиды.
Ең алдымен, кедей тұрғындарды жай ғана жұмысқа орналастыру емес, тұрақты жұмыс орындарын көбейтіп, адамдардың тұрақты табыс көзіне ие болуына жағдай жасалып келеді.
Белсенді инвестициялық саясат нәтижесінде биылдың өзінде 35 млрд доллар инвестиция есебінен 9 мыңнан астам жаңа кәсіпорын, шамамен 300 мың жоғары табысты жұмыс орны ашылды.
Мемлекет бизнеске жағдай жасап отыр, ал кәсіпкерлер әлеуметтік жауапкершілік алып, мұқтаж тұрғындарды жұмыспен қамтуда көмекші болуда. Осындай нәтижелі ынтымақтастық арқасында биылдың өзінде 270 мыңнан астам кедей отбасы мүшесі тұрақты жұмысқа ие болды.
Екінші, сапалы білім – адам капиталын дамытуда және ұзақ мерзімде кедейлікті қысқартуда негізгі «қозғаушы күш» болып қала береді.
Атап айтқанда, кедей отбасылардың балаларын мектепке дейінгі біліммен толық қамту үшін барлық жағдай жасалады. Мұндай отбасылардың балалары үшін шет тілдерін және кәсіптік дағдыларды үйренуге кететін шығынның 80 пайызы өтеледі.
Соңғы бес жылда 800 мыңнан астам азамат заманауи кәсіптерге оқытылып, жоғары табысты жұмыстарға орналастырылды. Енді Халықаралық кәсіпке даярлау орталықтары құрылып, олардың түлектеріне шетелде мойындалатын сертификат беру жолға қойылады.
Үшінші, әйелдерді қоғамның белсенді мүшесіне айналдыруға айрықша көңіл бөлінуде. Осы мақсатта студент қыздарға пайызсыз несие беру, магистратурада тегін білім алу мүмкіндігі жасалды. Бүгінде студенттердің 53 пайызын әйелдер құрайды. Биылдың өзінде 1 млн 700 мың әйел жұмысқа орналасты.
Бұл бастаманы жалғастырып, «Цифрлық ұрпақ қыздары» бағдарламасы аясында 50 мың қыз ақпараттық технологиялар, финтех және жасанды интеллект саласына оқытылады.
Биыл әйелдер кәсіпкерлігін қолдау үшін 1,5 млрд доллар бөлінді. Келер жылы тағы 2 млн әйелді тұрақты табыспен қамту шаралары қолға алынады.
Төртінші, халық денсаулығын қорғау және оның мүмкіндіктерін толық ашу басты назарда. Атап айтқанда, 140 мың кедей отбасыға дәрігер бекітіліп, олар жылына бір рет толық медициналық тексеруден өтеді.
Енді кепілдендірілген медициналық қызмет көлемі көбейіп, кедей отбасылардың бұл қызметке жұмсайтын шығыны 2 есеге қысқарады. Олар тегін дәрі-дәрмек пен кепілдендірілген медициналық қызметтер пакетімен қамтамасыз етіледі.
Бесінші, әлеуметтік қорғауға мұқтаж халықпен атаулы жұмыс жүргізілуде. Бұл жүйе түбегейлі реформаланып, Әлеуметтік қорғау ұлттық агенттігі құрылды. Әрбір аудан мен қалада 100-ден астам әлеуметтік қызметті «бір терезе» қағидаты бойынша көрсететін «Инсон» орталықтары ашылды. Әрбір махаллаға әлеуметтік қызметкер бекітіліп, тұрғындармен проактивті жұмыс жүргізуде.
Биылдың өзінде 2 млн 700 мың азаматқа әлеуметтік қызмет пен көмек көрсетілді. Әсіресе, кедей отбасылардағы күтімді қажет ететін азаматтарға жаңа әлеуметтік қызметтердің енгізілуі 50 мың еңбекке қабілетті адамға жұмыс істеу мүмкіндігін берді.
Әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қамтуын арттыру мақсатында Дүниежүзілік банкпен 100 млн долларлық жоба басталды. Мүмкіндігі шектеулі балаларды мектеп және кәсіптік біліммен қамту үшін арнайы бағдарламалар жүзеге асырылуда.
Алтыншы, өңірлерде инфрақұрылымды жақсарту, халыққа жайлы өмір сүру жағдайларын жасау – көп өлшемді кедейлікті қысқартуда маңызды қадам болып табылады.
Осы мақсатта шамамен 3,5 млн тұрғын өмір сүретін жағдайы ауыр мың махаллада инфрақұрылым жақсартылуда. Келер жылы махаллаларда инфрақұрылымды дамытуға, жұмыс орындарын көбейтуге, кәсіпкерлікті қолдауға тағы 400 млн доллар бөлінеді. Бұл үшін 32 аудан мен 328 жағдайы ауыр махалла таңдалып, оларды дамытуға арналған арнайы бағдарлама қабылданады.
Сонымен қатар, 810 махаллада су, кәріз, жол, мектеп және балабақша салу бойынша 1,3 млрд долларлық жобалар жүзеге асырылады.
Тұрғын үйге мұқтаж әрі табысы төмен халық үшін ипотекалық жүйені пайдалану мақсатында жыл сайын 200 млн доллар субсидия бөлінеді.
Жетінші, мемлекеттік шығыстардың 70 пайыздан астамы тікелей Тұрақты даму мақсаттарына жетуге жұмсалуда.
Сонымен бірге, жаһандық деңгейде Тұрақты даму мақсаттарына жету үшін дамушы елдерге жылына 4 трлн доллардан астам қаражат қажет.
Мұндай жағдайда тәуекелдерді әділ бағалау, қаржылық ресурстарды тарту және олардың тиімділігін арттыру үшін «кедейлікке қарсы күрестің жаңа қаржылық архитектурасы» қажет болып отыр.
Осы мәселелерді шешу мақсатында 2026 жылы Хиуа қаласында халықаралық қаржы институттары, донорлық ұйымдар және серіктес мемлекеттердің қатысуымен конференция өтетіні айтылды.
Форумға Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед әл-Жассир, Азия даму банкінің вице-президенті Инмин Янг, Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің аға вице-президенті Сачико Имото, БҰҰ-ның Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Каха Имнадзе, Дүниежүзілік банктің кедейлікті қысқарту жөніндегі жаһандық директоры Луис Фелипе Лопес-Кальва қатысты. Жалпы, форумға 200-ге жуық халықаралық сарапшы жиналды.
Іс-шара аясындағы сессияларда кедейлікті қысқартуда нарық талаптары, исламдық қаржы мүмкіндіктері, бизнестің инклюзивтілігі, адам капиталына инвестиция тақырыптарында инновациялық тәсілдер талқыланды.
Форум 18 қыркүйек күні өз жұмысын аяқтайды.











