Мемлекет басшысы аудан орталығындағы ауқымды құрылыс жұмыстарымен танысты

    Президент Шавкат Мирзиёев Қашқадария облысының «Кукдала» ауданы әкімшілік орталығындағы ауқымды құрылыс жұмыстары барысымен танысты.

    Бұл аудан Мемлекет басшысының бастамасымен тұрғындарға қолайлы жағдай жасау және урбанизация үдерісін жүйелеу мақсатында үш жыл бұрын құрылған еді. Содан бері өңір қарқынды дами бастады. Бүгінде «Еттитом» маңында жаңа қала бой көтеруде.

    Ең алдымен 120 шақырымдық су құбыры мен 210 шақырымдық электр желісі тартылып, қажетті инфрақұрылым құрылды. Жолдар кеңейтіліп, жөнделді. Әкімшілік ғимараттар, 19 мектеп, 22 балабақша, көпсалалы аурухана және отбасылық емхана салынды.

    Ерекше атап өтерлік жайт, аудан әкімдігі ғимараты елімізде жаңа тәжірибенің бастауы болды – бұл жерде 38 мемлекеттік орган бір жерде шоғырланған. Бұл халыққа зор қолайлылық туғызып отыр. Бұрын қандай да бір мәселе бойынша алыс «Чироқчи» ауданына қатынауға мәжбүр болған тұрғындар енді барлық қызметті жақын маңнан ала алады.

    Мемлекет басшысы «Кукдала» ауданындағы мұндай тұтас әрі үйлесімді жағдайлар барлық аудандарға үлгі бола алатынын айтты.

    Атап айтқанда, «Адам» орталығы да әкімдік ғимаратында орналасқан. Мұнда тұрғындарға әлеуметтік қызметтер мен көмектер бір нүктеде кешенді түрде көрсетіледі. Оның бағдарламалық жүйесі 55 ведомствоның деректерімен интеграцияланған. Балаларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарттар мен әлеуметтік төлем жүйелеріне қатысты барлық дерекөздер өзара байланысты.

    Мемлекет басшысы аудан орталығындағы «Еттитом» шағын өнеркәсіп аймағында да болды.

    4 гектар аумақта тоқыма, азық-түлік, құрылыс және шаруашылық тауарлары бойынша құны 10 миллион доллар болатын 9 шағын жоба орналастырылған. Мысалы, «Komfort Star New» кәсіпорнында жылу қазандары мен металл бұйымдары, «Komfort Industrial Aria» зауытында шыны заттары өндіріледі. Жалпы, өнеркәсіп аймағында 600-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады.

    Президент жаңа салынған өнер сарайына да барды.

    Мұнда 255 орындық көрермен залы және көптеген үйірме бөлмелері бар. Сарай заманауи музыкалық аспаптармен жабдықталған, дыбыс жазу студиясы, акустикалық жүйелер, сондай-ақ заманауи салқындату және жылыту жүйесі орнатылған.

    Назар аударарлығы, бұл өнер сарайының жанында өнер мектебі, жалпы білім беретін мектеп пен спорт кешені орналасқан. Мемлекет басшысы бұл балалар үшін өте ыңғайлы екенін айтып, болашақ жобаларда осындай үйлесімділікті қолдану жөнінде тапсырмалар берді.

    Президентіміз жас орындаушылардың көркем өнерін тамашалады.

    – Сіздерді көріп, Әмір Темір бабамыздың өлкесінде дарындылар көп екеніне тағы бір мәрте көзім жетті. Жігерлі болып, білім алудан тайынбасаңыздар, Өзбекстанның ұлылығының іргетасы сіздер боласыздар, – деді Шавкат Мирзиёев жастарға қарата.

    Орталықта балалар алаңдары, жасыл аймақтар, сауда және сервис орталықтары үйлесімді түрде салынып жатыр. Жалпы, 200-ден астам нысан бой көтерді. Бұл игіліктер мен қолайлылықтарға тұрғындар дән риза.

    Аумақта әлеуметтік нысандар, кітапхана, спорт алаңдары мен мәдениет орталықтарының құрылысы жалғасуда.

    Осылайша, Президент Шавкат Мирзиёевтің Қашқадарияға жасаған сапары аяқталды.