Өзбекстанда 39 700-ге жуық көпқабатты тұрғын үй бар. Онда тұратын тұрғындарға сапалы қызмет көрсету мақсатында басқару-сервистік компаниялар құрылуда. Биылғы жылдың басында мұндай ұйым 324 болса, бүгінде олардың саны 766-ға жетті. Мәселен, көпқабатты үйлердің 36 мыңнан астамы немесе 92 пайызы басқарушы-сервистік компаниялармен қамтылған.

Тек биылғы жылдың өзінде олар құрылысқа, жөндеуге, машиналар мен жабдықтар сатып алуға 262 миллиард сум инвестициялады. Жаңадан құрылған кәсіпорындарда 14 мыңға жуық жұмыс орны ашылды.

Пәтерлер туралы ақпарат пен есептеулер «Менің үйім» биллинг жүйесіне енгізілген. Биылғы жылдың өткен кезеңінде бұл жүйе арқылы 206 млрд сум төленген.

Саладағы маңызды міндеттердің бірі – үйлерді жылумен қамтамасыз ету. Осыған орай өңірлерде мақсатты жобалар жүзеге асырылуда.

Көп қабатты үйлердің жартысынан көбі орталықтандырылған және жеке жылумен жабдықтау жүйелеріне ие. Қалғандары балама пештерді, электр жылытқыштарын немесе басқа жабдықты пайдаланады.

Тұрғын үй-коммуналдық қызмет көрсету министрлігіне қарасты 495 қазандық жұмыс істейді. 2018-2021 жылдары оның 47-сі мен 78 шақырым жылу желісі қайта жөндеуден өтті. Биыл Бұхара, Самарқанд, Қаршы, Жызақ, Наманган, Асака сияқты қалаларда тағы 24 қазандық пен 182 шақырым желі жаңартылды. Соның нәтижесінде 70 мың үй пен 113 әлеуметтік нысан үздіксіз жылу энергиясымен қамтамасыз етілді.

Жалпы, бұл жобалардың нәтижесінде көпқабатты үйлерді жылу энергиясымен қамтамасыз ету деңгейі артып, жылына 130 миллион текше метр табиғи газ, 1 миллион 200 мың киловатт сағат электр энергиясы үнемделді.

Осындай жұмыстарды дәйекті түрде жалғастыра отырып, 2023 инвестициялық бағдарламасы аясында 3 жаңа қазандық салу, 10 қазандықты жөндеу және жылу желілерін тарту жоспарлануда.

Халықты орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Биыл 527 нысан мен 7 мың шақырымға жуық желі салынды. Жыл басында халықты ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі 70 пайызды құраса, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 74 пайызға жеткізу жоспарланған.

Аудан бойынша 9309 махалланың 3800-і орталықтандырылған ауыз сумен толық, ал 4 мыңға жуығы ішінара қамтылған. Қалған ауылдарға су жеткізу, сонымен қатар мүмкіндігінше желілерді тарту шаралары қолға алынуда. Атап айтсақ, 2023 жылы Инвестициялық бағдарлама бойынша 62 нысанды, «Обод қишлоқ» және «Обод маҳалла» бағдарламалары аясында 373 нысанды пайдалануға беру көзделген.

Осы жұмыстардың нәтижесінде 403 махалладағы 3 миллионнан астам тұрғынның ауыз сумен қамтылуы жақсарып, 181 махалла алғаш рет осы желіге қосылатын болады.

Сондай-ақ мемлекеттің әлеуметтік тапсырысы арқылы аудан орталығынан шалғай орналасқан елді мекендерді ауыз сумен қамту жобалары жүзеге асырылуда. Келесі жылы осындай 17 ауылға 251 шақырым құбыр тарту жоспарланған.

Мемлекет басшысы бұл жұмыстардың халықтың өмір сүру сапасы мен денсаулығы үшін маңыздылығына тоқталып, қосымша тапсырмалар берді.