Төменде берілген имфографикада Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) 2024 жылғы мәліметтері негізінде ауыл шаруашылығы жерлерінің елдер бойынша бөлінуі көрсетілген. Есеп-қисаптарға жыртылатын және басқа да өңделетін жерлермен қатар, шөп шабуға немесе мал жаюға пайдаланылатын тұрақты шалғындар мен жайылымдар да енгізілген.

Ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі бойынша әлемдегі ең ірі 50 мемлекет жеке көрсетілген, ал қалған елдер географиялық аймақтар бойынша топтастырылған.

Әлемде ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі бойынша бірінші орынды АҚШ иеленеді. Елдегі мұндай жерлердің аумағы шамамен 4,22 миллион шаршы шақырымды құрайды. Одан кейін Қытай — шамамен 3,91 миллион шаршы шақырым және Аустралия — шамамен 3,63 миллион шаршы шақырым көрсеткіштерімен орналасқан. Бразилия айтарлықтай айырмашылықпен төртінші орынға жайғасқан. Оның ауыл шаруашылығы жерлерінің аумағы 1 миллион шаршы шақырымға да жетпейді, деп хабарлайды naked-science.ru.

Тіпті ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамыған ірі мемлекеттердің өзінде ауыл шаруашылығы жерлерінің басым бөлігін жайылымдар алып жатыр.

Мәселен, тұрақты шалғындар мен жайылымдар АҚШ-тың ауыл шаруашылығы жерлерінің шамамен 63 пайызын, ал Қытайдың құрлықтық бөлігіндегі осындай жерлердің үштен екісіне жуығын құрайды. Мұны АҚШ-тың батысындағы кең жайылымдық алқаптардың және Қытайдың ішкі аймақтарындағы ірі егіншілік белдеулерімен қатар орналасқан далалы өңірлердің болуымен түсіндіруге болады.

Үндістан мен Сауд Арабиясы ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы аумағы бойынша әлемде тиісінше жетінші және сегізінші орындарды иеленеді. Алайда бұл екі мемлекет жер ресурстарын мүлдем әртүрлі мақсатта пайдаланады.

Атап айтқанда, Үндістандағы ауыл шаруашылығы жерлерінің шамамен 94 пайызы жыртылатын және басқа да өңделетін алқаптарға тиесілі. Ал Сауд Арабиясында мұндай жерлердің үлесі 3 пайызға да жетпейді. Оның аумағындағы ауыл шаруашылығы жерлерінің басым бөлігін тұрақты шалғындар мен жайылымдар құрайды.

Бұған қоса, Үндістандағы өңделетін жерлердің аумағы АҚШ пен Қытайдағы осындай жерлердің көлемінен де асып түседі. Бұл ретте ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы аумағы бойынша Үндістан аталған екі мемлекеттен едәуір артта тұр.

Әлемдегі ауыл шаруашылығы жерлерінің ең үлкен үлесі Азия құрлығына тиесілі — 32,5 пайыз. Одан кейін 25,3 пайыз көрсеткішпен Африка орналасқан. Келесі орындарда Солтүстік Америка (12,9 пайыз), Оңтүстік Америка (11,6 пайыз), Еуропа (9,7 пайыз) және Мұхит аралдары (Океания) (8,0 пайыз) тұр.

Әсіресе, Азиядағы ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы аумағы мен аймақтың бүкіл территориясына шаққандағы үлесі ерекше назар аудартады. Бұл өңірге Жер шарындағы құрлық аумағының шамамен 24 пайызы тиесілі болғанымен, оның территориясының жартысына жуығы ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылады. Бұл — әлемдегі барлық аймақтар арасындағы ең жоғары көрсеткіш.

Океанияда да аумағының шамамен 44 пайызы ауыл шаруашылығына пайдаланылады. Бұл көрсеткіш 21 пайызды құрайтын Еуропамен салыстырғанда екі есе жоғары.

Аустралияның кең байтақ жайылымдық алқаптары негізінен құрғақ климат басым болатын осы құрлықта ауыл шаруашылығы жерлерінің не себепті соншалықты көп екенін түсіндіруге көмектеседі.