Іс-шараға Ұлттық Паралимпиада комитеті мен спорт федерацияларының басшылары, жаттықтырушылар, спортшылардың ата-аналары, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Байрақты бәсеке 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында Францияның астанасы Париж қаласында өтті. Оған 168 мемлекеттен 4 400-ге жуық паралимпиадашылар қатысты. Өзбекстаннан 9 спорт түрі бойынша 65 жас спортшы бақ сынады.
Олимпиада ойындарындағыдай, Паралимпиада ойындарында да ел үшін көптеген жетістіктер мен рекордтар болды. Өзбекстандық паралимпиадашылар 10 алтын, 9 күміс және 7 қола жеңіп, 26 медальмен әлем бойынша жалпы командалық есепте 13-орынға, Азияда 3-орынға, түркі және ислам елдері мен ТМД арасында 1-орынға ие болды.
Президент спорт қауымдастығын осы жетістіктермен халық атынан құттықтап, сөз сөйледі:
- Паралимпиада ойындары – бұл шынайы ерік-жігер, батылдық және қайсарлықтың, ізгілік пен гуманизмнің көрінісі. Сіздер биік белестерді бағындырып, жарыстардың шынайы қаһармандарына айналдыңыздар. Өзбекстан өз спорт тарихында көптеген жетістіктер мен жеңістерді көрген. Бірақ Паралимпиада ойындарында мұндай рекордтық нәтиже бұрын болмаған еді, – деді Шавкат Мирзиёев.
Айта кетейік, Жапонияда өткен алдыңғы Паралимпиададан кейін келесі жолы үздік он бес ел қатарына кіру мақсат етілген болатын. Өткен жылдар ішінде бұл бағытта үлкен дайындық жұмыстары жүргізілді. Әлеуметтік мемлекет қағидаты бойынша мүгедектігі бар спортшыларға барлық жағдай жасалды. Нәтижесінде, еліміз әлемде 13-орынды иеленді.
Соның ішінде, ядро лақтыру сайысында алтын медаль алған Хусниддин Норбеков үш дүркін паралимпиада чемпионы атанды. Тағы бір ядро лақтырушы Бобиржон Омонов пен дзюдошы Шерзод Намозов екінші рет жеңімпаз атанды.
Диск лақтыру шебері Толиббой Юлдошев бірден екі медаль алып, алтын және қола медаль иеленді. Екі дүркін паралимпиада чемпионы Ёрқинбек Одилов найза лақтыру бойынша Азия рекордын жаңартты. Сонымен қатар, Асадбек Тоштемиров таэквондо, Қудратуллахон Маъруфхужаев және Элбек Султонов ядро лақтыру сайыстарында жеңіске жетті.
Биылғы ойындарда 11 медальді қыздардың жеңгені назар аудартады. Асила Мирзаёрова ұзындыққа секіруден, Нурхон Қурбонова найза лақтырудан паралимпиада чемпионы атанды. Олар өз нәтижелерімен осынау ойындар және әлемдік рекордтарды жаңартты. 15 жастағы Шахинахон Йигиталиева күміс медаль жеңіп алып, Паралимпиада ойындарының ең жас жүлдегері ретінде тарихқа енді. Руза Қузиева пауэрлифтинг бойынша екінші орынды иеленді.
Тағы бір ерекше жетістік – таэквондо бойынша ұлттық құрама Паралимпиада ойындарында алғаш рет 3 медаль жеңіп алып, жалпы есепте 3-орынға ие болды. Жеңіл атлетикадан спортшыларымыз алғаш рет 8 алтын медаль, яғни ең жоғары марапаттардың 80 пайызына қол жеткізді.
Мемлекет басшысы жеңімпаз спортшылардың атын атап , олардың батыл жеңісін жоғары бағалады. Бұл жолы сәті түспей, медаль ала алмаған спортшыларды да қолдап, келесі жарыстарда жеңіс тіледі.
- Сіздердің бұл ұлы жеңістеріңіз Алланың муғжизасы саналатын адам баласының шексіз мүмкіндіктерге және теңдессіз күшке ие екендігін тағы да дәлелдеді. Шынында да, бұл өмірде көп нәрсені шешетін басты фактор – ерік-жігер мен қайсарлық. Алайда адамның жүрегіне осындай ерік-жігер мен қайсарлықты сіңіріп, оны тәрбиелеп, жетілдіру оңай емес. Сіздер, қымбатты балаларым, осы жеңіс тұғырына жету үшін қаншама қиын жолды еңсергендеріңізді жақсы білемін. Бұл ұзақ жолда сіздерге әрдайым үміт пен сенім, табандылық пен батылдық берген, әрдайым қасыңыздан табылып, қолдау көрсеткен жандар бар. Олар – ең алдымен сіздердің мейірімді ата-аналарыңыз, жақындарыңыз, – деді Президент.
Осыған орай салтанатты шарада қаһарман спортшылардың ата-аналары мен отбасы мүшелері де құрметке бөленді.
Мемлекет басшысы тәжірибелі жаттықтырушылар мен психолог және басқа да мамандарға да алғыс білдірді.
- Өзбекстанның өзінің жігерлі мектебі, алғыс мектебі бар. Бұл мектептің шынайы құрылысшылары сіздер екеніңіздер рас. Сіздердің спорттағы және өмірдегі жетістіктеріңіз жастарымыз үшін жігер әрі қайсарлық үлгісі, – деді Шавкат Мирзиёев.
Өзбекстанда спортты дамытуда мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіліп, инклюзивті жағдайлар жасалуда. Бұл бағытта Әлеуметтік қорғау ұлттық агенттігі мен Адаптивті спорт түрлері қауымдастығы көптеген жұмыстар атқаруда.
Президент алдағы уақытта мүгедек жандар шұғылдана алатын спорт түрлерін кеңейтуге және олардың қоғамға әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.
Кездесуде 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына дайындық мәселелері де талқыланды.
Ең алдымен, спорттың жаңа түрлеріне қатысу және дайындық деңгейін жоғарылату үшін нақты стратегия бойынша жұмыс істеу қажеттілігі атап өтілді. Атап айтқанда, медициналық тексерулер, фармакология және диетология дамытылады. Паралимпиадашылармен жұмыс істейтін психологтардың қызметі ынталандырылатын болады.
Өзбекстан Республикасы Президентінің 12 қыркүйектегі жарлығына сәйкес, Парижде өткен XVII жазғы Паралимпиада ойындарында жоғары нәтижелерге қол жеткізген бірқатар спортшылар мен жаттықтырушылар құрметті атақ, орден және медальдармен марапатталған еді.
Іс-шарада осы жоғары наградалар салтанатты түрде табысталды.
- Сіздер тағдырдың түрлі сынағына қарамастан, әрқашан жеңіске ұмтылатын жансыздар. Талпынған адам да, қоғам да ешқашан жеңілмейді. Осындай қасиеттеріңіз артып, сіздерге әрдайым бақыт пен сәттілік серік болсын, – деді Президент.
Спортшылар мен жаттықтырушылар, ата-аналар сөз сөйлеп, Мемлекет басшысына үлкен құрмет пен ықылас білдірді.