Өңірде соңғы жылдары жүзеге асырылған ауқымды жұмыстар экономикалық өсім мен халық тұрмысының жақсаруына айқын ықпал етуде. Соңғы сегіз жыл ішінде облысқа 7 миллиард доллар шетелдік инвестиция тартылып, 8 мыңға жуық жаңа кәсіпорын іске қосылды. Экспортталатын өнім түрлері екі есеге артып, 1 мыңнан асты.
Бүгінде еңбекке қабілетті халықтың 82 пайызы шағын бизнес пен кәсіпкерлік арқылы табыс тауып отыр. Орташа нақты табыс көлемі үш есеге артты. Маңыздысы, мұндай өзгерістерді намангандықтар күнделікті тұрмысында сезініп келеді.
Жиында осы қарқынның жалғасуын қамтамасыз ету әрі нәтижелілікті арттыру мүмкіндіктері талқыланды. Атап айтқанда, жыл соңына дейін 4,2 миллиард доллар инвестиция тарту, экспорт көлемін 1 миллиард долларға жеткізу, 323 мың адамды жұмыспен қамту және 26 мың отбасын кедейліктен шығару міндеттері белгіленді.
Мемлекет басшысы «Даму және көшбасшылық орталығы» атты жаңа бағдарламаны ұсынды. Бұл бағдарламаға Ферғана, Самарқанд және Ташкент облыстарынан төрттен, өзге өңірлерден екіден аудан, сондай-ақ республика бойынша ең күрделі 328 махалла енгізіледі.
Қысқа уақыт ішінде Наманганда кедейлік деңгейі 2,5 есеге төмендеді. Кәсіпкерлік жобалардың көбеюі мен орташа жалақының артуы есебінен соңғы екі жылда шетелде жүрген 62 мың адам қайта оралды.
Сонымен қатар, өңірдің әсем табиғаты бар аймақтары негізінде туризмді дамыту жоспары қарастырылды. Мастер-жоспар аясында жүзеге асырылатын жобалар арқылы келесі жылы 50 мың адамды жұмыс және табыспен қамту көзделген. «Поп», «Тураққорған», «Уйчи», «Учқорған» және «Чуст» аудандарынан өтетін өзен аңғарларының 40 шақырымында 650 сервис нысанын құру арқылы 10 мың адамды жұмыспен қамтуға болатыны айтылды.
Бүгінде облыс өнеркәсібінің үштен бірі және экспортының жартысы тоқыма саласына тиесілі. Наманган кәсіпкерлері брендпен жұмыс жүргізуде республикада көш бастап тұр.
Инвестиция тарту мен халықаралық брендтермен ынтымақтастықты кеңейту мақсатында бір ай ішінде облыста арнайы жоба офисі ашылады. Сонымен бірге халықаралық сертификат алған тоқыма кәсіпорындарының санын 50-ге жеткізу жоспарланған.
Жауапты басшыларға жыл соңына дейін Варшава және Лондон қалаларында кемінде 1 мың шаршы метрлік сауда үйлерін ашу тапсырылды. Жалпы, биыл облыстың тоқыма өнімдері экспорты 500 миллион долларға жетіп, алдағы екі жылда 1 миллиард долларлық 25 ірі жоба іске қосылатыны атап өтілді.
Жыл басынан бері Наманганға 1,2 миллион шетелдік және 2 миллион жергілікті турист келген. Туризм экспорты 200 миллион доллардан асты.
Осыған сәйкес туризм инфрақұрылымын дамыту мәселесі де көтерілді. Алайда өңірдегі ең тартымды аймақтардың бірі – «Чортоқ» ауданының әлеуеті толық пайдаланылмай отырғаны айтылды. Туристер үшін онлайн ақпарат алу, алдын ала брондау, мәдени демалыс секілді қарапайым қызметтер де жолға қойылмаған.
Сол себепті «Чортоқ» ауданын жыл бойы қызмет көрсететін алқаптың туризм хабына айналдыру жоспарланғаны айтылды. Мұндай жобалардың инфрақұрылымын дамыту үшін 50 миллион доллар бөлінеді.
Дүниежүзілік банкпен бірлесіп «Орта қалаларды дамыту» жобасы аясында биыл «Фурқат» саябағы қайта жаңғыртылып, аумағы екі есеге жуық кеңейтіледі. «Чортоқсай» бойымен ұзындығы 11 шақырым болатын жаяу жүргінші және велосипед жолақтары салынады.
Жедел кешенді даму бағдарламасы негізінде «Чортоқсай» және «Үлкен Наманган» каналы жағалауының 7 шақырымы бетонмен бекітіліп, 30 гектар жер тиімді алаңға айналады. Мұнда көпжылдық бақтармен үйлескен санаторий үлгісіндегі ірі сервис нысандары тұрғызылады.
Сонымен қатар «Чортоқ» су қоймасы маңында туризм кешені, қонақүй, мейрамхана, демалыс және ойын-сауық орындары құрылады. Ал «Поп» ауданындағы Арашан көлі жанында 1 200 гектар аумақта жылына 1 миллион турист қабылдай алатын ірі туризм кешені салынбақ.
Салаға кадрлар даярлау мақсадында келесі оқу жылынан бастап Наманган мемлекеттік университетінде Австрияның Кремс университетімен бірлескен факультет ашылады.
Мемлекет басшысы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне де ерекше тоқталды.
«Уйчи», «Учқорған» және «Нарын» аудандарын облыс орталығы және басқа аймақтармен жалғайтын негізгі жолда ұзақ жылдар бойы кептеліс болып келген. Осы себепті 63 миллиард сум қаржы есебінен Нарын өзені үстінен ұзындығы 480 метр болатын жаңа көпір салынуда.
Сонымен бірге 63 жыл бұрын салынған, Наманган мен Әндіжан облыстарын жалғайтын 180 метрлік «Қарадария» көпірін қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Нәтижесінде көлік қозғалысы екі есеге артып, жолға кететін уақыт бір жарым есе қысқарады, кептелістер азаяды. Бұл көпірлер келесі жылы пайдалануға беріледі.
Облыс орталығын астанаға жалғайтын, тәулігіне 15 мың көлік қатынайтын «Пунгон – Наманган» жолының 75 шақырымы қайта құрылмақ. Жоба құны 246 миллион доллар. Жол төрт жолақты, бетон жабындымен салынатын болады.
Аймақтағы 30-дан астам махалла орталықтандырылған ауызсуға қол жеткізбеген, ал желілердің 21 пайызы жөндеуді қажет ететіні айтылды. Канализацияға қатысты да шағымдар көп.
Осыған байланысты биыл облыста су жүйесін жақсартуға 800 миллиард сум бөлінді. Жыл соңына дейін 130 шақырым су және кәріз желілері, сондай-ақ 11 су нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс.
Наманган қаласын ауызсумен қамтамасыз етіп отырған, 70 жыл бұрын салынған «Курашхона» су нысаны бүгінде қуатының 50 пайызынан аз деңгейде жұмыс істеп тұр. Еуропалық қайта құру және даму банкімен әріптестік негізінде бұл нысан толық реконструкцияланатын болды.
Жақын уақытта Наманган халқы бір миллиондық шекке жетеді. Мұндай жағдайда балабақшалар санын көбейту ерекше өзекті екені атап өтілді.
Бұл бағытта кәсіпкерлер үшін бірқатар жеңілдіктер жарияланған еді. Соларды тиімді пайдалану арқылы Наманган қаласында биыл 5 мың, ал келесі жылы 15 мың орындық балабақша ашу қажеттігі айтылды. Облыстағы 49 техникумда шетелдік стандарттар мен дуальді білім беру жүйесі енгізілетіні де атап өтілді.
Соңғы үш айда «Белсенді өмірге қадам» бағдарламасы аясында шамамен 3 мың мұқтаж азаматқа күтім қызметі жолға қойылды. Нәтижесінде осы салада 350 адам жұмыспен қамтылды. Әлеуметтік қорғау ұлттық агенттігіне енді деменция және Паркинсон дертінен зардап шегіп жүрген адамдарға да күтім көрсету қызметін ұйымдастыру тапсырылды.
– Бүгін сіздермен қала және аудандарды дамыту, халық тұрмысын жақсарту бағытында жаңа межелерді айқындадық. Егер бірлікте жұмыс атқарсақ, бұдан да зор нәтижелерге қол жеткізе аламыз. Істі терең білетін, кәсіпқой әрі еңбекқор намангандықтармен бірге бұл облысты еліміздің ең көркейген әрі бақуатты аймақтарының біріне айналдырамыз, – деді Шавкат Мирзиёев.
Жиында белгіленген міндеттер бойынша аймақ және салалық басшылар баяндама жасады, кәсіпкерлер мен жұртшылық өкілдерімен пікір алмасу өтті.












