Наманганда үш электр станциясының құрылысы басталды

    Билік 25 Mart 2024 1787

    25 наурыз күні Наманган облысында жаңа электр станцияларының құрылысына арналған салтанатты шара өтті.

    Өзбекстанда жаңартылатын энергия көздерін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы жылдары Бұхара, Жызақ, Қашқадария, Науаи, Самарқанд және Сұрхандария қалаларында қуаттылығы 1,6 гигаватт болатын 9 күн және жел электр станциялары желіге қосылды. Әндіжан, Самарқанд, Сұрхандария және Ташкент облыстарында 183 мегаваттық 6 су электр станциясы іске қосылды.

    Бүгінгі таңда Наманганның жалпы өндіру қуаты 913 мегаватт. Кейінгі үш жылда электр энергиясын тұтыну 24 пайызға өсті және бұл табиғи түрде жалғасады.

    Сондықтан облыста жалпы құны 1,1 миллиард доллар, қуаттылығы 1228 мегаватт үш кешен жобаланған. Бұлар су электр станцияларының каскады мен екі күн электр станциясы.

    Атап айтқанда, «Узбекгидроэнерго» акционерлік қоғамы 434 млн долларға «Уйчи» ауданы, «Нарын» өзенінде 228 мегаваттық 6 гидроэлектрлік каскад салады. Нәтижесінде жылына 1 миллиард киловатт-сағат электр энергиясы өндіріліп, 310 миллион текше метр газ үнемделеді, 430 мың үйге электр энергиясы жеткізіледі.

    Тағы бір маңызды жайт, бұл су электр стансасы толығымен өз елімізде өндірілген техника мен технологиялар есебінен салынады. Яғни, бұл республикадағы «тұңғыш ұлттық ГЭС» болмақ.

    Бұл станцияларда 133 адам, құрылыс кезеңінде 4 мың адам жұмыс істейді.

    «Поп» ауданында Германияның «Hyper Partners GmbH» компаниясы 500 мегаватт күн электр станциясын салады. Бұл жобаның құны 350 миллион долларды құраса, жылдық өндіріс көлемі 1 миллиард 95 миллион киловатт сағатты құрайды.

    Сонымен қатар, Біріккен Араб Әмірліктерінің «Tepelen Group Holding Limited» компаниясымен бірлесіп салынатын күн электр станциясы да «Поп» ауданында құрылады. Оның да құны 350 миллион долларды құрап, қуаты 500 мегаватт болады.

    Осы жылдың соңына дейін бұл станцияларды желіге қосу жоспарланған. Оларда 120 тұрақты жұмыс орны ашылады.

    Бұл жобалардың нәтижесінде Наманган облысының генерациялау қуаты 2141 мегаваттқа жетеді. Жыл сайын 7,8 миллиард киловатт-сағат электр энергиясы өндіріледі. Бұл облыстың электр энергиясына деген 5,5 миллиард кВт/сағ сұранысын толығымен жабады. Одан артылған электр энергиясының 30 пайызы Әндіжан мен Ферғана облыстарына жіберіледі.

    Салтанатты шарада Президент Шавкат Мирзиёев символдық түймені басып, осы ірі энергетикалық жобалардың құрылысын бастап берді.

    – Халқымыздың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау – жаңа Өзбекстан саясатының негізгі іргетасының бірі. Ол үшін ірілі-ұсақты жобаларды уақытылы іске қосып, олардың тұрақты жұмыс істеуі, үздіксіз энергиямен қамтамасыз етілуі аса қажет. Осы тұрғыдан алғанда бүгінгі салтанатты шара да тарихи оқиға. Баршаңызды осындай тың жоба және бастамалармен құттықтаймын, – деді Шавкат Мирзиёев.

    Айта кету керек, 2025 жылы «Поп» және «Уйчи» аудандарында жалпы қуаты 200 мегаватт электр қуатын сақтау жүйелерін іске қосу жоспарланған. Бұл жобалар біртұтас энергетикалық жүйені ретке келтіруге және тұтыну көбейген кезеңде тұтынушыларды электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етуге қызмет етеді.

    Биылдың өзінде республикада 14 күн және жел станциясының құрылысы аясында 2,6 гигаватт қуат желіге қосылады.