Осы жылдың 30 қаңтарында өткен таныстырылымда компанияның операциялық тиімділігін арттыру, қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету, геологиялық барлау жұмыстарын кеңейту және қорларды көбейту жөнінде бірқатар атқарылар жұмыстар белгіленген болатын.
Бүгін Мемлекет басшысына осы бағыттағы жұмыстардың барысы туралы ақпарат берілді.
Ең алдымен компания қызметіндегі шығындарды оңтайландыру шаралары туралы мәлімет ұсынылды. Атап айтқанда, орталық аппараттың ұйымдық құрылымы қайта қаралып, оның жұмысын оңтайландыру үдерісі жүріп жатыр. Өндірістік қызметтер, тауарлар мен материалдардың бағасы, мердігерлік жұмыстар құны қайта қарастырылып, кредиттік портфельді ретке келтіру жұмысы бастады. Негізгі қызметке қатысы жоқ активтер сатылымға шығарылып жатыр.
Сонымен қатар дебиторлық қарыздарды қысқарту бойынша жүйелі жұмыстар жолға қойылғаны атап өтілді.
Геологиялық барлау жұмыстарын кеңейту және көмірсутек қорларын ұлғайту бойынша атқарылып жатқан шаралар да баяндалды. 2026–2027 жылдары бірқатар өңірлерде жаңа учаскелерде барлау жұмыстарын күшейту, 3D сейсмикалық зерттеу көлемін арттыру және ұңғымаларды қазуды аяқтау жоспарланғаны айтылды. Сондай-ақ осы жылдың қаңтар-ақпан айларында екі жаңа газ-конденсат кен орны ашылғаны жайлы ақпарат берілді.
Компанияны стратегиялық дамыту аясында форензикалық аудит жүргізу, сатып алу үдерістерін жетілдіру, ESG қағидаттарын енгізу және есептілік үдерісін халықаралық стандарттар негізінде дайындау жұмыстары жеделдетіледі.
Мемлекет басшысы белгіленген міндеттер мен жоспарланған іс-шаралардың орындалуын нақты есептеу, қатаң тәртіп және жеке жауапкершілік негізінде қамтамасыз етуді жалғастыру жөнінде жауапты тұлғаларға тапсырмалар берді.