Осы қастерлі мерекеде өздерінің қайталанбас дарыны, білімі мен шеберлігі арқылы ел-жұртымызға адал қызмет етіп келе жатқан өнер шеберлері мен жас орындаушыларға, сондай-ақ барлық сала қызметкерлеріне жанқиярлық еңбектері үшін шынайы алғысымды білдіремін.
Соңғы жылдары елімізде барлық салалармен қатар мәдениет және өнер жүйесін заманауи талаптар негізінде дамыту бойынша кең ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Нәтижесінде саланың материалдық-техникалық базасы, кадрлар әлеуеті нығайып, қызметкерлердің шығармашылық еңбегі лайықты түрде ынталандырылуда.
Театр, кино, мұражай және мәдени іс-шаралар, халыққа көрсетіліп жатқан қызметтердің сапасы жүйелі түрде жақсарып келеді.
Заманауи басқару механизмдері енгізіліп, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде жаңа шығармашылық жобалар, цифрлық технологиялар мен озық тәжірибелер іс жүзіне енгізілуде, мәдени контент жасау ауқымы кеңейіп бара жатқаны мәдениет мекемелерінің қызметінде тиімділік пен тартымдылықты одан әрі арттыруға қызмет етуде.
Соңғы жылдары елімізде 2 театр, 19 мәдениет орталығы, 16 мұражай, 20 музыка және өнер мектебі, сондай-ақ осы бағытта 5 жоғары оқу орны құрылды, көптеген мекемелер заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді, 125 тарихи-мәдени мұра нысанында оларды сақтау және тіктеу бойынша қажетті жұмыстар жүргізілді.
Өткен жылы бейнелеу және қолданбалы өнер саласын одан әрі дамыту бойынша арнайы қаулы қабылдадық. Ташкент қаласында Өзбекстан Ұлттық мұражайы ғимаратының құрылысы басталды.
Ағымдағы жылы Орталық көрме залы, Көркемөнер көрмелер дирекциясы қорының ғимараты, Павел Беньков атындағы суретшілік мектебінде құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізіледі, сала қызметкерлерін қолдау бойынша қажетті шаралар қабылданады.
Тағы бір маңызды үдеріс – өзбек мәдени дипломатиясы жүйелі түрде дамуда. Беделді халықаралық форумдар, байқаулар, фестивальдер мен мәдениет күндері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Атап айтқанда, өткен жылы Самарқант қаласында ЮНЕСКО Бас конференциясының сессиясы, Бұхарада Бірінші халықаралық заманауи өнер биенналесі, Нөкісте Арал мәдениеті саммиті, Хорезмде Түркі әлемі мәдениет форумы, ал Ташкентте Орталық Азия және Әзербайжан мәдениет министрлерінің бірінші кездесуі жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Ең бастысы, Отанымыздың өнер саласындағы халықаралық үдерістерге қатысуы кеңейіп, беделі артып келеді.
Өзбекстандық өнерпаздардың Еуропадағы беделді мәдениет орындарындағы өнер көрсетуі шетелдік өнерсүйер қауымда үлкен қызығушылық тудыруда. Бұл туралы айтқанда, Австрияның Зальцбург қаласындағы Grosses Festspielhaus сахнасында Өзбекстан Ұлттық балет труппасы ұсынған «Лазги. Махаббат пен көңіл биі» балетінің көрсетілімін ерекше атап өткен жөн.
Осы жылдың 9 сәуірінде тағы бір ірі өнер ордасы – Musikverein сахнасында Сайыпқыран Әмір Темір бабамыздың 690 жылдығына арналған музыкалық опера туындысының тұсаукесері өтті.
Ұлттық кино өнерімізді дамыту, атап айтқанда, «Тірі тарих» топтамасы аясында идеялық және көркемдік тұрғыдан жоғары деңгейдегі туындылар жасау бағытындағы жұмыстар алғашқы нәтижелерін беруде. Өткен жылы мемлекеттік тапсырыс негізінде 123 кинофильм дайындалып, көрермендер назарына ұсынылды.
Өткен жылдың өзінде салада ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан 35 қызметкер тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Мәдениет мекемелері қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 35 пайызға артты. Драматургтер үшін Махмудқожа Бехбуди, жас режиссерлер үшін Баходир Юлдашев, жас әншілер үшін Батыр Закиров атындағы сыйлықтар, сондай-ақ жергілікті және шетелдік шығармашылық өкілдері үшін «Келажак мероси» халықаралық сыйлығы тағайындалып келеді.
Құрметті отандастар!
Бүгінгі таңда мәдениет және өнер саласын рухани тәрбие құралы әрі креативті экономиканың маңызды саласы ретінде дамыту, шығармашылық индустрияны қуаттап-қуаттау, мәдени қызметтер базарын өркендету, өнер өнімдерінің экспортын кеңейту өзекті міндет болып қала береді. Жаңадан құрылып жатқан Креативті индустрия паркі дәл осы мақсаттарға қызмет етеді. Біз бұл бағытта үлкен межелер қойып, 2030 жылға дейін креативті экономиканың жалпы ішкі өнімдегі үлесін 5 пайызға жеткіземіз.
Әрине, бұл ауқымды жоспарлар мен бастамаларды жүзеге асыруда сіздердің – жанашыр әрі адал жандардың орны ерекше. Сіздердің білімдеріңіз, тәжірибелеріңіз және шығармашылық әлеуеттеріңіз ұлттық мәдениетімізді жаңа деңгейге көтеретініне сенімдімін.
Біз бұдан былай да саланы жан-жақты қолдап-қуаттауға, шығармашылық және техникалық қызметкерлердің еңбегін лайықты бағалауға аса мән береміз.
Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен тағы да шын жүректен құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық, бақыт, жаңа шығармашылық жетістіктер, шаңырақтарыңызға тыныштық пен береке тілеймін.
Шавкат Мирзияев,
Өзбекстан Республикасының Президенті