Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен кездесуге Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Армения Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Мгер Григорян, бақылаушы мәртебесіндегі Куба Республикасының вице-президенті Сальвадор Меса және Иран Ислам Республикасының өнеркәсіп, кен және сауда министрі Мұхаммед Атабак, Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев және қонақ ретінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Бас хатшысы Сергей Лебедев қатысты.

Күн тәртібінде көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, өнеркәсіптік кооперация жобаларын қолдау және серіктестіктің басым бағыттары бойынша бірлескен бағдарламаларды жүзеге асыру мәселелері қаралды.

Өзбекстан Президенті сөзінің басында Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара тиімді ынтымақтастықты дәйекті түрде кеңейту мен тереңдету еліміздің сыртқы экономикалық саясатының маңызды бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.

ЕАЭО мемлекеттерімен ынтымақтастық жан-жақты экономикалық серіктестік сипат алғаны айтылды.

Өзара сауда көлемі тұрақты өсіп, өнеркәсіптік кооперация кеңейіп, логистикалық байланыстар нығайып келеді. Сонымен қатар цифрлық экономика, энергетика және қызмет көрсету салаларында ынтымақтастықтың жаңа бағыттары қалыптасуда.

Биыл Еуразиялық экономикалық комиссиямен жасалған үш жылдық ынтымақтастық жоспарын жүзеге асыру мерзімі аяқталатыны айтылды. Осыған байланысты биыл күзде Ташкент қаласында өтетін Еуразиялық экономикалық комиссиямен Бірлескен жұмыс тобының кезекті отырысы аясында жаңа жоспар қабылдау ұсынылды.

Жуырда техникалық реттеу жүйелерін жақындастыру жөніндегі «жол картасы» бекітілгені де атап өтілді.

Өзбекстан одақтың электронды сауданы дамыту, сауда мен жүк тасымалын цифрландыру, климат мәселелері және өзге де бағыттардағы бастамаларына белсенді қатысып келеді.

Ташкент қаласында Еуразиялық даму банкінің елдік кеңсесі ашылып, банкпен бірлесіп өнеркәсіптік кооперация саласындағы жаңа жобалар портфелі қалыптастырылған.

Мемлекет басшысы одақпен серіктестікті дамытудың басым бағыттары жөніндегі ұстанымын білдірді.

Өзбекстан мен одаққа мүше мемлекеттер арасында кедергісіз сауданың бірыңғай цифрлық кеңістігін қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударылды.

Осы орайда, электронды сауданы реттеу саласындағы тәсілдерді үйлестіру, кеден, фитосанитариялық және ветеринариялық бақылау бағыттарында цифрлық мәлімет алмасуды жолға қою, тауарлардың шығу тегін сертификаттау мен электронды құжаттарды кезең-кезеңімен өзара мойындаудың маңыздылығы атап өтілді.

Сондай-ақ цифрлық транзитті енгізу, бақылау жүйелеріне қосылу және өткізу бекеттерін жаңғырту арқылы «ақылды» көлік-кеден дәліздерін құру жұмыстарын бастау ұсынылды.

Іскер топтардың өндірісті жергіліктендіру, технологиялық серіктестік орнату және жаңа өндірістік тізбектер қалыптастыруға қызығушылығы артып келе жатқанын биыл сәуір айында Ташкент қаласында өткен «ИННОПРОМ. Орталық Азия» VI халықаралық өнеркәсіп көрмесі де растады.

Өзбекстан мен Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында өнеркәсіптік кооперация бағдарламасын әзірлеуде аталған көрменің әлеуетін пайдалану ұсынылды. Өнеркәсіпті автоматтандыру мен робототехника, энергетикаға арналған бөлшектер өндіру, су үнемдеу технологиялары, заманауи құрылыс материалдары және өзге де салалар келешегі зор бағыттар ретінде аталды.

Мемлекет басшысы Өзбекстанның кооперация бойынша «бір терезе» форматында Еуразиялық экономикалық комиссиямен бірлесіп серіктестерді іріктейтін, еркін өнеркәсіп аймақтары негізінде бастамаларды қолдайтын әрі қаржыландыру тартуға жәрдемдесетін ортақ жоба кеңсесін ашуға дайын екенін мәлімдеді.

– Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен келетін жоғары технологиялық резиденттер үшін қосымша ынталандырушы жағдайлар жасауға дайынбыз, – деді Өзбекстан Президенті.

Энергия тиімділігін арттыруға, таза технологияларды енгізуге және өнімдердің көміртек сыйымдылығын азайтуға бағытталған өнеркәсіпті «жасыл» трансформациялау жөніндегі бірлескен бағдарламаны қабылдау туралы ұсыныс та айтылды.

Бағдарлама аясында ортақ «жасыл» жобалар қоржынын қалыптастыру, қаржыландырудың жаңа тетіктерін дамыту және жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы өнеркәсіптің басым салаларын жаңғырту секілді практикалық шаралар қамтылуы мүмкін.

– Бұл енді елдеріміз үшін тек экологиялық күн тәртібіндегі мәселе ғана емес, сонымен бірге өнеркәсіптің ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін маңызды факторға айналып отыр, – деді Өзбекстан көшбасшысы.

Ұйымдастырылған еңбек көші-қоны мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Бұл саладағы ынтымақтастықты ұлттық электронды жұмыспен қамту қызметтерін біріктіру арқылы сапалық жаңа деңгейге көтеру қажеттігі атап өтілді.

Бұл азаматтардың сенімді бос жұмыс орындары, еңбекке орналасу шарттары және көші-қон заңнамасының нормалары туралы мәліметтерді тікелей пайдалануына мүмкіндік беретін ыңғайлы әрі біртұтас цифрлық орта қалыптастыруды көздейді.

– Бұл бір мезетте елдеріміздің еңбек нарығындағы сұраныстарын ескеруге, қызметкерлердің біліктілігін арттыруға, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және бейресми жұмыспен қамту қаупін азайтуға мүмкіндік береді, – деді Президентіміз.

Туризм саласында Өзбекстан тарапы «Орталық Азия туристік шеңбері» бастамасын ұсынғаны айтылды.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақ елдерін аталған туристік бағытты танымал цифрлық платформаларда бірлесіп насихаттауға шақырды.

Сөз соңында Мемлекет басшысы Өзбекстанның Еуразиялық экономикалық одақтың көпжақты бағдарламалары мен жобаларына қатысуы өзара тиімді серіктестікті одан әрі нығайтуға және елдеріміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге ықпал ететінін атап өтті.