Кейінгі жылдары бұл салада жүйелі реформалар жүргізіліп, соттар жазалаушы органнан адам құқықтарын қорғайтын жүйеге айналды.
Атап айтқанда, әкімшілік соттар құрылды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған тиімді шаралар қабылданды. Отбасылық істерге мамандандырылған судьялар корпусы жасақталды. Инвестициялық даулар бойынша жеке сот құрамдары ұйымдастырылды.
Мұндай реформалардың нәтижесін азаматтар күнделікті өмірде сезініп отыр, ал шетелдік сарапшылар оны маңызды қадам ретінде бағалауда.
Сонымен қатар, сот төрелігінің ашықтығы мен халыққа жақындығын қамтамасыз ету, цифрландыру арқылы адамдарға қолайлық жасау, жоғары білікті кадрлар даярлау бойынша көптеген мәселелер өз шешімін күтіп тұр.
Таныстырылымда осы бағыттағы жоспарлар мен оларды іске асыру шаралары талқыланды.
Әділ сот саласын цифрландыру мақсатында дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне сүйене отырып, «Цифрлық сот» тұжырымдамасы әзірленді және оны кезең-кезеңімен жүзеге асыру жөнінде шаралар белгіленді. Бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, азаматтар мен кәсіпкерлердің еш кедергісіз әділ сот төрелігіне қол жеткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге қызмет етеді.
Талдауларға қарағанда, азаматтық және экономикалық соттарда қаралатын істердің едәуір бөлігі даусыз істерге тиесілі. Сол себепті мұндай мәселелерді әкімшілік органдар құзыретіне беру ұсынылуда. Бұл азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілерінің мәселелерін қысқа мерзімде шешуге жол ашады.
Тағы бір жаңалық – әкімшілік және экономикалық сот істерін экстерриториялық түрде қарау тәртібін енгізу. Қазіргі цифрлық технологиялар дәуірінде мұның толық мүмкіндігі бар.
Әділет пен сенімді қамтамасыз етуде судьялық лауазымның тұрақтылығы маңызды. Осы мақсатта судьяларды тағайындау мерзімдерін қайта қарау жоспарланып отыр.
Барлық бағыттағы соттар бойынша өңірлік қадағалау соттарын құру, облыстық және оларға теңестірілген соттардағы қадағалау инстанцияларын жою ұсынылды. Бұл ретте облыстық және оларға теңестірілген соттарда тек апелляция мен кассация инстанциясы қалады, ал қадағалау инстанциясы бес өңірлік сотта ұйымдастырылмақ.
Тағы бір маңызды мәселе – сот жүйесі үшін кадрлар даярлау ісін түбегейлі жетілдіру. Осы мақсатта Судьялардың жоғары мектебін реформалап, оның негізінде Әділ сот төрелігі академиясын құру тұжырымдамасы ұсынылды.
Мемлекет басшысы ұсынылған бастамаларды қолдап, тиісті жарлықтарға қол қойды. Жоспарланған міндеттердің орындалуын жүйелі әрі сапалы қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар берілді.











