Зерттеу нәтижесінде баксдростатты ұзақ уақыт қабылдаған еріктілердің 25 пайызында препаратты тоқтатқаннан кейін де қан қысымы қалыпты деңгейде сақталған. Кейбір қатысушыларда бұл әсер екі жылға дейін жалғасқан.
Бұл туралы Лондондағы Ханшайым Mary университетінің (QMUL) баспасөз қызметі хабарлады.
– Мұндай күтпеген әрі таңғаларлық нәтиже баксдростаттың клиникалық сынағына қатысып жатқан еріктілердің денсаулығын бақылау барысында анықталды. Бұл бүйрек үсті бездерінің шамадан тыс белсенділігімен байланысты тұрақты гипертониядан зардап шегетін науқастардың кем дегенде бір бөлігін осы ағзаға күрделі хирургиялық операция жасамай-ақ емдеуге болатынына үміт береді, – деді АҚШ-тағы Гарвард университетінің профессоры Мэйсон Фримэн.
Ғалымдар мұндай қорытындыға гипертонияны емдеуге арналған баксдростат препаратының клиникалық сынағына қатысушылардың денсаулығына қосымша мониторинг жүргізу кезінде келген.
Аталған препарат бүйрек үсті бездерінің қызметінің бұзылуына байланысты пайда болатын жоғары қан қысымын емдеуге бағытталған, деп хабарлады Kazinform.
Баксдростат – альдостерон гормонының өндірілуіне жауап беретін CYP11B2 ферментінің белсенділігін тежейтін шағын молекулалы препарат.
Бұл ферменттің шамадан тыс белсенділігі ағзада су мен тұздың іркілуіне әкеледі. Соның салдарынан бета-блокаторлар мен қан қысымын төмендететін қолданыстағы дәрілердің басым бөлігіне төзімді гипертонияның ауыр түрі дамиды.
Өткен жылы аяқталған клиникалық зерттеулер баксдростаттың альдостерон гормонының деңгейін екі есе төмендеткенін және зерттеуге қатысушылардың 40 пайызында қан қысымын қалыпты деңгейге жеткізгенін көрсетті.