– Мұнда жаттығулармен бірге спорт білімі, ғылымы, медицинасы тоғысуы қажет. Яғни, бұл орын еліміз спортының ғылыми, тәжірибелік, оқу-жаттығу орталығы болады, – деген еді Мемлекет басшысы.
Соған сәйкес, қалашықта Спорт министрлігі, Антидопинг агенттігі, Мемлекеттік спорт академиясы, Дене тәрбиесі ғылыми-зерттеу институты, Спорт түрлерін дамыту орталығы да орналастырылған.
Бұл жолғы сапар барысында Олимпия қалашығы инфрақұрылымын тиімді пайдалану жоспарлары, спорт ұйымдарының орналасуы мен қызметі туралы ақпарат берілді.
Ең әуелі, қалашықта халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізіледі. Нысандар содан кейін де бос қалмайды. Еліміздің ұлттық құрамаларының оқу-жаттығулары ұйымдастырылады. Федерациялар спорт мектептерімен байланысады.
Аймақта және кешендерде отандастарымыз да спортпен шұғылдана алады.
Мемлекет басшысы осы жерде сала жауаптылары және спорт федерациялары басшыларымен әңгімелесті.
– Ең алдымен, спортшыларымыз бен федерацияларды осындай орталықпен құттықтаймын. Бұл арқылы жас ұрпақ денсаулығына, болашақ жетістіктерге үлкен негіз қалап бердік. Бірақ бұл істің ең оңайы. Ең қиыны – спорт түрлерін бұқаралық ету, кәсіби спортшыларды даярлау. Біз спортты әрі денсаулық, әрі тиімділік тұрғысынан дамытып барамыз. Құдай қаласа, мұндай Олимпия қалашықтары облыстарда да салынады. Негізгі мақсат – жастарымыздың сау әрі кемел болуы, – деді Мемлекет басшысы.
Белгілі болғандай, 2024 жылы Парижде өткен Олимпияда және Паралимпияда ойындарында спортшыларымыз табысты өнер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте екі бағытта да 13-орын алған еді. Енді олимпиада қозғалысын одан әрі дамыту, алдағы жарыстарда нәтижелерді арттыру мақсат етілген.
Өзбекстан Президентінің биылғы 8 шілдедегі қаулысына сәйкес, Өзбекстан спортшыларын 2028 жылғы Олимпияда және Паралимпияда ойындарына дайындау бағдарламасы қабылданды.
Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі ұйымдастыру үшін Ұлттық олимпиада комитетінің 14 аймақтық бөлімі құрылды. Қарақалпақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы, облыстар мен Ташкент қаласы әкімдері Олимпияда қозғалысын дамыту бойынша Өзбекстан Республикасының Президентінің арнайы өкілі етіп белгіленді. Әр аймаққа Спорт министрлігі мен Олимпиада комитетінен жауаптылар бекітілді.
Негізгі мақсат – жоғары спорт нәтижелеріне тек бір Олимпиада емес, тұрақты әрі берік негіз қалыптастыру.
Қабілетті спортшыларды ең төменгі деңгейден бастап іріктеу және кәсіби етіп даярлау үшін үш сатылы «Жаңа Өзбекстан Олимпияда шыңдары» жарысы жолға қойылды. Оның финалдық кезеңі жыл сайын Олимпия қалашығында «Президент Олимпиадасы» ретінде өтеді. Жеңімпаз және жүлдегер спортшылар Олимпия орталықтарына тартылып, кәсіби даярланады.
Республикалық олимпиада және паралимпиада орталығының қызметі ұлттық құрамалар резервін қалыптастыруға бағытталады. Оқу-жаттығулар өткізу үшін Олимпия қалашығы нысандары орталыққа тегін негізде бекітіледі.
Сондай-ақ, спортшылар резервін кеңейту мақсатында жеке спорт клубтарының қызметі жетілдіріліп, ресми жарыстарға қатысуы қамтамасыз етіледі. Жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар ұлттық құрамаларға қабылдана алады.
Президентіміз спорт түрлерін бұқаралық ету мәселесіне ерекше көңіл бөлді.
– Ерлік, күрескерлік халқымыздың қанында бар. Халқымыз спортты жақсы көреді. Мұны қолдап, махаллаларда спортты одан әрі бұқаралық ету керек. Бұған жағдай бар. Тағы да салып жатырмыз. Нәтиже де бұқаралықтан шығады, – деді Шавкат Мирзиёев.
Жауаптыларға саланы цифрландыру, спорт федерацияларының қызметін күшейту, нәтижелі спорт түрлерін көбейту жөнінде нұсқаулар берілді.












