Кездесу басында Сұлтан Әл-Жабир Өзбекстан басшысына Әмірліктер Президенті Шейх Мұхаммед Әл-Нахаян, елдің Премьер-Министрі, Дубай Әмірі Шейх Мұхаммед Әл-Мактум және Вице-президент Шейх Мансұр Әл-Нахаянның сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізді.
Кездесуде Өзбекстан мен БАӘ арасындағы көпқырлы қатынастардың қазіргі жоғары деңгейі айрықша атап өтілді. Өзара тауар айналымы көлемі, бірлескен кәсіпорындар мен әуе рейстерінің саны артып келеді. Әмірліктердің жетекші компанияларының қатысуымен Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан және келешегі зор жобалар портфелі 20 миллиард долларға жетті.
«Жасыл» энергетика екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Бүгінгі таңда Masdar компаниясы жүзеге асырған жобаның нәтижесінде Науаи облысында қуаттылығы 500 мегаватт болатын жел электр станциясы іске қосылды.
Жалпы алғанда, соңғы жылдары осы компанияның қатысуымен республикада жалпы қуаттылығы 1,5 гигаватт болатын электр энергиясы өндірісі нысандары пайдалануға берілді.
Кездесуде энергетика, мұнай-газ және химия өнеркәсібі, тау-кен өндірісі, сумен қамтамасыз ету, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және басқа да салалардағы ірі инвестициялық жобаларды қысқа мерзімде әзірлеу және жүзеге асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Барлық деңгейдегі тиімді диалогты жалғастыру және алдағы жоғары деңгейдегі іс-шараларға мұқият дайындық жүргізу маңызды екені атап өтілді.