Кездесу басында Владимир Воронков Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриштің Мемлекет басшысына сәлемі мен ізгі тілегін жеткізді.
Өзбекстанның БҰҰ институттары және құрылымдарымен практикалық ынтымақтастығын одан әрі дамыту мәселелері, бірінші кезекте терроризмге және басқа да трансұлттық қауіп-қатерлерге қарсы күресу мәселелері талқыланды.
Терроризмге қарсы департаменттің қызметіне қолдау көрсеткені үшін Мемлекет басшысына ризашылығын білдірген Владимир Воронков Өзбекстанның Өңірлік сарапшылар кеңесін құру бастамасын жүзеге асырғаны үшін ерекше алғысын айтты. Ташкент қаласында өткен бұл бірегей тетіктің алғашқы отырысы сәтті аяқталғаны атап өтілді.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары сондай-ақ Өзбекстанның қақтығыс аймақтарынан азаматтарды қайтару, оларды реабилитациялау және қоғамға қайта интергациялау, соның ішінде махалла институтының кең мүмкіндіктері мен әлеуетін пайдалану жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалады.
Өзбекстан мен БҰҰ Терроризмге қарсы бюросы арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын көздейтін 2024-2025 жылдарға арналған жаңартылған «жол картасына» қол қойылғаны атап өтілді.
Жастарды экстремизм мен терроризмнің деструктивті әсерінен қорғау, кадрлар даярлау саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, жас мамандардың БҰҰ институттарында тағылымдамадан өтуін ұйымдастыруға бағытталған бірлескен іс-шараларды өткізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ, Ауғанстан мәселесі бойынша пікір алмасылды. Бұл елдегі жағдайға халықаралық назарды арттыру, ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыру маңыздылығы сөз болды.