Өзбекстан Президенті ЕҚДБ директорлар кеңесінің жылдық отырысына қатысады

    Билік 17 May 2023 4701

    Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Еуропа қайта құру және даму банкі директорлар кеңесінің 32-ші жыл сайынғы отырысына қатысу үшін Самарқанд қаласына келді.

    Мемлекет басшысы жиынның жалпы отырысында сөз сөйлейді.

    Саммит жұмысында Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо, Еуропалық комиссияның вице-президенті Валдис Домбровскис, ЕҚДБ директорлар кеңесінің төрағасы Магнус Бруннер, шетел үкіметтерінің, жетекші трансұлттық корпорациялар мен өнеркәсіптік холдингтер, халықаралық қаржы институттары мен банктерінің жетекшілері мен өкілдері, сондай-ақ әлемнің 70 елінен экономика, инвестиция, қаржы және инновация саласындағы сарапшылар, азаматтық белсенділер мен журналистер – жалпы 2,5 мыңнан астам адам қатысуда.

    Атаулы шара жаһандық экономикалық перспективаларды кеңінен талқылау және терең талдау, оның тұрақты дамуын қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін маңызды алаң болып табылады.

    Экономикалық тұрақтылыққа инвестиция салу, халықаралық сауданы ілгерілету, энергетика қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жаңартылатын энергия көздерін енгізу, цифрландыруды жеделдету, қаржылық инфрақұрылымды жаңғырту, шағын және орта бизнесті қолдау, «жасыл» экономика бағдарламасын ілгерілету форумның негізгі тақырыптары болмақ.

    Форум аясында Мемлекет басшысы шетелдік делегациялардың басшыларымен бірқатар кездесулер өткізуі жоспарланған.

    Айта кету керек, EҚДБ Өзбекстандағы әлеуметтік-экономикалық реформалар бағдарламасын ілгерілетуге белсенді қатысуда.

    Үш жылдан бері Өзбекстан осы жетекші қаржы институтынан тартылған инвестиция көлемі бойынша өңірде көш бастап келеді. Бүгінгі таңда Банк жобаларының портфелі 3 млрд еуродан асады, ондағы жеке сектордағы инвестицияның үлесі 55 пайыздан астамын құрауда.