Өзбекстан мен Еуропалық Одақ арасындағы көпжақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға және аймақтық форматта практикалық ынтымақтастықты дамытуға қатысты кең ауқымды мәселелер талқыланды.
ЕуроКеңес Президенті Шарль Мишель Мемлекет басшысын Конституция бойынша референдумның қорытындысымен құттықтап, Жаңа Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан артқа қайтпайтын демократиялық жаңарулар мен экономикалық реформалар бағдарламасын толық қолдайтынын білдірді және алдағы маңызды саяси оқиғалардың табысты өтуін тіледі.
Тараптар 2022 жылдың қазан айында Ташкент қаласында өткен жоғары деңгейдегі кездесуде қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес екіжақты диалог пен алмасудың жоғары қарқыны байқалып отырғанын атап өтті.
Осы кезеңде Өзбекстанда Аймақтық өзара тәуелділік жөніндегі бірінші конференция, Азаматтық қоғамның кезекті форумы және Еуропалық қайта құру және даму банкі Директорлар кеңесінің жыл сайынғы отырысы сәтті өтті.
Өзбекстан мен ЕО елдері арасындағы сауда көлемі биылғы жылдың басынан бері 70 пайызға өсті. Еуропаның жетекші компанияларының қатысуымен Өзбекстан экономикасының жоғары технологиялық секторларындағы инвестициялық жобалардың портфелі 20 миллиард еуроға ұлғайды.
Өзбекстан мен ЕО басшылары екіжақты сауданы әртараптандыру және көлемін ұлғайту, «GSP+» преференциялық сауда жүйесінің әрекет ету мерзімін ұзарту, тиімді көлік бағыттары, бірінші кезекте Транскаспий транзиттік дәлізін дамыту, «жасыл» энергетика, инновациялар мен жоғары технологиялар, цифрландыру, экология, білім беру, туризм және басқа да салалардағы бірлескен бағдарламаларды жүзеге асыруға назар аударды.
Сондай-ақ өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасылды. Ауғанстан бойынша консультацияларды жалғастыру және осы елге гуманитарлық көмек көрсету маңыздылығы атап өтілді.