Шавкат Мирзияев Кореяның жетекші компаниялары және қаржы институттары жетекшілерімен кездесті

    Билік 18 Dekabr 2021 5303

    Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияев Сеулде Корея Республикасының жетекші компаниялары мен қаржы институттарының жетекшілерімен кездесті.

    Іс-шараға Корея Республикасының Сауда, индустрия және энергетика министрі Мун Син Ук, Корея халықаралық сауда қауымдастығының төрағасы Кристофер Ку, Кореяның Эксимбанкі, Корея халықаралық ынтымақтастық агенттігі (KOICA), «SK Ecoplant», «Posco», «Samsung», «SK Nexilis», «Leaders of Youngone», «KIA Motors», «K-water», «KT-Net» және басқа да көптеген компаниялар қатысты.

    – Елімізде басталған өзгерістер артқа қайтпайды. Өзбекстанның жаңа стратегиясында елімізде кәсіпкерлерге барынша қолайлы жағдай жасау, шетелдік бизнесті кеңейту жұмыстарын жалғастыру көзделген. Біз Өзбекстанның сенімді досы және ерекше стратегиялық серіктесі болып табылатын Корея Республикасымен тұрақты, сенімге негізделген және қарқынды дамып келе жатқан ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз, – деді Шавкат Мирзияев.

    Екі ел арасында, оның ішінде сауда-экономикалық және инвестициялық салаларда жүйелі қарым-қатынастар жолға қойылған. Арнайы жұмыс тобы жұмыс істеп жатыр. Өзбекстанның Инвестициялар және сыртқы сауда министрлігінде Корея Республикасымен екіжақты ынтымақтастықты дамытуға жауапты арнайы департамент құрылды.

    Осындай ілтипат пен жүйелі жұмыстың нәтижесінде екі ел арасындағы қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. Тауар айналымы екі есеге өсіп, 2,2 миллиард долларға жетті. Кореяның Өзбекстан экономикасына құйған тікелей инвестициясының көлемі 7 миллиард доллардан асты. Соңғы бес жылда елімізде корей капиталының қатысуымен кәсіпорындар саны екі есеге артты. Бүгінде олардың саны мыңнан асады. Өзбекстанда корейлік компаниялармен бірлесіп құны 9 миллиард доллардан асатын 52 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

    Мемлекет басшысы корей компанияларын жаңа, ауқымды бастамаларды бірлесіп әзірлеуге шақырды.

    Кездесуде кореялық компаниялармен бірлесіп цифрландыру, «жасыл» энергетика, машина жасау, ауыл шаруашылығы, тоқыма өнеркәсібі, фармацевтика, геология және басқа да көптеген салаларда құны 5 миллиард доллардан асатын 40 жаңа жобаны жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

    Президент Шавкат Мирзияев бұл жоспарларды мақұлдап, шенеуніктерге нақты мерзімдері бар «жол картасын» әзірлеп, қабылдауды тапсырды.

    Президент Корей компанияларының басшыларын Өзбекстанға келіп, онда шетелдік инвесторлар үшін жасалған қолайлы жағдайды пайдалануға шақырды.

    Осымен Өзбекстан Президентінің Корея Республикасына мемлекеттік сапары аяқталды.