Іс-шараға сондай-ақ Америка Құрама Штаттарының Президенті Джозеф Байден, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон және Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов қатысты.
Кездесу күн тәртібіне сәйкес сауда-экономикалық әріптестікті кеңейту перспективалары, «жасыл» даму, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жаңартылатын энергия көздерін енгізу, өңірлік қауіпсіздік, терроризмге және трансшекаралық қылмысқа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Саммитте осыдан сегіз жыл бұрын Самарқандта құрылған «С5+1» форматы Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы ашық және сындарлы диалог пен барлық салаларда тиімді ынтымақтастықты дамыту үшін маңызды алаңға айналғаны атап өтілді.
Мемлекет басшысы Орталық Азия аймағындағы достық, өзара түсіністік пен серіктестік қатынастарының нығаюын, бұл кең ауқымды ынтымақтастық үшін жаңа және бірегей мүмкіндіктерді жоғары бағалады.
Сауда-инвестициялық белсенділікті нығайту, жобалық ынтымақтастықты орнату, аймақтағы көлік дәліздерін дамыту, «жасыл» күн тәртібін ілгерілету, адам құқықтары мен гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, білім беру бағдарламаларын кеңейту, Ауғанстандағы жағдайды бейбіт жолмен шешуге көмектесу сынды жалпы аймақтың дамуы үшін стратегиялық маңызы бар басым бағыттар көрсетілді.
Кездесу соңында аймақ елдері мен АҚШ арасындағы өзара түсіністікті тереңдету және практикалық серіктестікті кеңейту туралы келісімдерге қол жеткізілді.