Іс-шараға Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон және Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов те қатысты.
Кездесу барысында 2024 жылғы бірлескен жұмыстардың негізгі қорытындылары талқыланып, көпжақты ынтымақтастықтың алдағы жылға арналған басым міндеттері қаралды.
Аймақ ішіндегі сауда мен кооперацияны кеңейту, әсіресе өзара саудадағы кедергілерді жою арқылы ортақ шаралар әзірлеудің маңыздылығы атап өтілді.
Сондай-ақ көпжақты серіктестікті жаңа бағыттарда дамыту мүмкіндіктері бойынша пікір алмасылды. Оның ішінде инженерлік мектептерді ұйымдастыру, интернет технологиялары, үлкен деректер индустриясы, креативті экономика, «жасыл» энергетика мен бейбіт атом саласын дамыту, цифрлық шешімдерді енгізу мәселелері талқыланды.
Өңірлік және халықаралық маңызы бар және ортақ қауіптер мен қатерлерге қарсы күресте ТМД аясындағы өзара іс-қимылды кеңейту жөніндегі маңызды мәселелері де күн тәртібінде болды.