Өзбекстан Президенті Қазақстан Президентін мерейтойымен құттықтады

    Билік 17 May 2023 3126

    Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 17 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлесті.

    Мемлекет басшысы Қазақстан Президентін 70 жасқа толған мерейтойымен шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, бақыт пен табыс, ал бауырлас Қазақстан халқына бейбітшілік пен гүлдену тіледі.

    Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы достық пен тату көршілікті, стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды дамыту мен нығайтуға қосқан үлесі ерекше атап өтілді.

    Жоғары деңгейдегі келісімдерді жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

    Мамыр айының басында Ташкентте өткен Өзбекстан Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссия отырысының жемісті нәтижелері жоғары бағаланды.

    Бірлескен сыртқы сауда компаниясының іске қосылуына және Халықаралық өнеркәсіптік ынтымақтастық орталығын құруға байланысты қабылданған практикалық шаралар атап өтілді.

    Екі ел басшылары өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде де пікір алмасты.