Өзбекстан Президенті Түркі мемлекеттері ұйымы Мемлекет басшыларының кеңесіне қатысты

    Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 7 қазан күні Түркі мемлекеттері ұйымы Мемлекет басшылары кеңесінің Габала қаласында өткен кезекті отырысына қатысты.

    Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев төрағалық еткен бұл шараға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған, Түркімен халқының ұлттық көшбасшысы, Түркіменстан Халық Мәслихатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбан, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев және басқа да ресми тұлғалар қатысты.

    Күн тәртібіне сәйкес, ұйым аясындағы көпқырлы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағы талқыланып, өзекті серіктестік мәселелері бойынша пікір алмасылды.

    Мемлекет басшысы сөзінің басында Әзербайжан Президентіне Ұлы Жібек жолының маңызды сауда және мәдениет орталықтарының бірі болған Габала қаласында саммиттің жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін шынайы ризашылығын білдірді.

    - Сіздің тікелей бастамаңызбен біз соңғы жылдары заманауи Әзербайжанның көптеген аймақтарына сапар жасадық. Күн сайын көркейіп келе жатқан Қарабақты, Шуша, Ханкенді, Агдам қалаларындағы ауқымды құрылыс жұмыстарына куә болдық. Әрине, жақын достарыңыз ретінде бұл игі өзгерістер бізді де ерекше қуантады, – деді Мемлекет басшысы.

    Әзербайжан мен Армения арасында қол қойылған Бейбітшілік декларациясы ұйымға мүше елдерге сауда, экономика, көлік және гуманитарлық салаларда ынтымақтастық орнатуға кең мүмкіндіктер ашып отырғаны айырықша атап өтілді.

    Сонымен қатар, Өзбекстан Президенті Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровқа ТМҰ-ға жемісті төрағалық еткені және ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге қосқан зор үлесі үшін алғыс білдірді.

    Саммиттің күн тәртібіне көшкен сәтте, Өзбекстан көшбасшысы бүгінгі халықаралық жағдайға қысқаша баға берді.

    Бұл жолғы жиын күрделі геосаяси өзгерістер мен әлемде және аймақта қауіпсіздікке төнген қатерлер артып келе жатқан жағдайда өтіп жатқаны айтылды.

    - Жуырда Нью-Йорк қаласында өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясындағы әлем көшбасшыларының сөздері мен ұстанымдары қазіргі әлемнің саяси және қауіпсіздік архитектурасы бойынша ортақ пікірдің жоқ екенін тағы бір мәрте көрсетті, – деді Мемлекет басшысы.

    Осы тұрғыдан алғанда, жаһандық басқару жүйесін терең реформалау және жетілдіру, БҰҰ мен Қауіпсіздік Кеңесінің рөлін арттыру, сондай-ақ халықаралық істерде дамушы елдердің дауысын күшейту қажеттігі тағы да атап өтілді.

    Еуразия құрлығында өршіп келе жатқан, шешімі әлі де көрінбейтін жанжалдар мен соғыстардың ұйымға мүше мемлекеттерге теріс ықпал етіп жатқаны айтылды. Газадағы қасірет, Украина төңірегіндегі жағдай, Иранның ядролық бағдарламасы мәселесі, Ауғанстандағы тұрақтылық мәселелері зор алаңдаушылық тудырып отыр.

    Өзбекстан басшысы әлемнің қуатты мемлекеттерінің әділетті әлемдік тәртіпті қалыптастыру, өзара сенім мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған ұмтылыстары мен жаңа бастамаларын құптады.

    Ғаламдық жағдайды терең талдау және қажетті шешімдер қабылдау мақсатында ТМҰ елдерінің сыртқы саяси ведомстволары мен арнайы қызмет жетекшілерінің бірлескен кездесулерін өткізу, сондай-ақ мұндай форматтағы алғашқы жиынды келесі жылы Самарқанд қаласында ұйымдастыру ұсынылды.

    Өзбекстан көшбасшысы қысқа мерзім ішінде жедел дамып, беделді халықаралық құрылымдар қатарына енген Түркі мемлекеттері ұйымының рөлі мен маңызы күннен-күнге артып келе жатқанын атап өтті. Жоғары деңгейдегі саяси диалог кеңейіп, өзара сенім нығайып отырғаны, бірлескен жобалар мен гуманитарлық бағдарламалардың белсенді іске асырылып жатқаны соның айғағы.

    Бүгінде ТМҰ аясында 35-тен астам бағытта практикалық ынтымақтастық жүзеге асырылуда. Өзара сауда көлемі тұрақты өсіп келеді және 2030 жылға қарай екі есеге артуы күтілуде.

    Мемлекет басшысы сөзінің негізгі бөлігінде практикалық ынтымақтастықты кеңейтудің нақты мәселелеріне тоқталды.

    Ұйымның беделі мен әлеуетін арттыру, алдағы уақытта оны тиімді ынтымақтастық алаңы ретінде күшейту басты міндет екені айтылды.

    - Осы орайда, Түркі мемлекеттері арасында стратегиялық серіктестік, мәңгі достық пен бауырластық туралы келісімді тез арада әзірлеп, қабылдауды қолдаймыз. Әрине, бұл маңызды құжат ынтымақтастығымызды дамыту жолындағы негізгі саяси акт болып, бауырлас халықтарымызды одан әрі жақындастырып, практикалық байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге берік негіз болады, – деді Мемлекет басшысы.

    Көпқырлы серіктестікті кеңейту және жеделдету мақсатында Түркі мемлекеттері ұйымын 2030 жылға дейін дамыту стратегиясын және оны жүзеге асыру жөніндегі арнайы «жол картасын» әзірлеу ұсынылды. Бұл құжаттарда мынадай нақты бағыттар мен шараларды қамту қажеттігі атап өтілді.

    Бірінші, сауда-экономикалық байланыстарды дамыту және өнеркәсіптік кооперацияны тереңдету.

    Өзбекстан Президенті жақын болашақта ТМҰ аясында сауда, бизнес және өзара инвестициялар үшін ең қолайлы жағдайлар, құқықтық негіз және инфрақұрылым қалыптастыруды көздейтін Жаңа экономикалық мүмкіндіктер кеңістігін құрудың маңыздылығын тағы бір мәрте атап өтті.

    Практикалық ынтымақтастықты жүйелі дамыту және нақты жобаларды жүзеге асыру, әсіресе Түркі инвестициялық қоры аясындағы жоспарларды үйлестіру мақсатында Түркі мемлекеттерінің экономикалық серіктестік жөніндегі тұрақты кеңесін құру қажеттігі айтылды. Тұрақты негізде жұмыс істейтін бұл құрылымға ұйым елдерінің Премьер-министрлерінің орынбасарлары жетекшілік етуі мүмкін. Кеңестің Жобалық офисін Ташкент қаласында орналастыру ұсынылды.

    Өзбекстан басшысы атап өткендей, Кеңестің тұрақты назарында мынадай мәселелер болуы тиіс:

    - Түркі мемлекеттері Өнеркәсіптік альянсын құрып, машина жасау, тау-кен өнеркәсібі, электр техникасы, мұнай-химия, фармацевтика, жеңіл және азық-түлік өнеркәсібі, құрылыс материалдары өндірісі салаларында жетекші компаниялардың кооперациялық жобаларын ілгерілетуге ықпал ету;

    - өзара сауда көлемін арттыру және техникалық регламенттерді жақындату мақсатында «Түркі жасыл дәліздері» электрондық жүйесін енгізу;

    - «жасыл» энергетика, «жасыл» сутек пен аммиак бойынша жобаларды бірлесіп жүзеге асыру, озық технологиялар мен стандарттарды тарту, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетіктерін кеңінен енгізу үшін «Жасыл трансформация» консорциумын құру;

    - стратегиялық минералдық-шикізат базасын дамыту негізінде қосылған құны жоғары өнімдер шығару.

    Сонымен бірге, «шикізат – қайта өңдеу – ғылым мен технология – дайын өнім» қағидаты негізінде практикалық ынтымақтастық бағдарламасын қабылдау қажеттігі атап өтілді.

    Екінші, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бар әлеуетті ескере отырып, ТМҰ елдері органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және жеткізу бойынша әлемдік көшбасшылардың біріне айнала алады.

    ФАО талдауына сәйкес, бүгінде әлемдік органикалық өнімдер нарығының көлемі 225 миллиард доллардан асады және алдағы уақытта бұл көрсеткіш жыл сайын 10 пайызға өседі деп күтілуде.

    Сапалы әрі сұранысқа ие органикалық өнімдер өндіру үшін ғылыми-зерттеу және селекцияны, өнеркәсіптік кооперация мен логистикалық байланыстарды күшейту қажеттігі айтылды.

    - Болашақта органикалық өнімдерімізді әлемдік нарыққа бірыңғай брендпен шығаруға болады. Осы тұрғыда ауыл шаруашылығы министрлерінің бақылауымен Эксперттік жұмыс тобын құрып, алғашқы «пилоттық» жобаларды іріктеп, елдерімізде жүзеге асыруды ұсынамыз, – деді Өзбекстан басшысы.

    Үшінші, көлік байланысын күшейту және халықаралық транзит дәліздерін дамыту саласында үйлестірілген саясат жүргізу.

    Мемлекет басшысы Орта дәлізді дәйекті дамытуға бағытталған жоспарларды қолдай отырып, осы бағыттың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету және бизнес қауымдастығы үшін ең қолайлы жағдай жасау маңыздылығын атап өтті.

    Бұл ретте қолайлы транзиттік тарифтерді қолдану, заманауи көлік инфрақұрылымын дамыту және цифрлық кеден рәсімдерін енгізу ерекше мәнге ие.

    Орта дәліз салынып жатқан Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан теміржолы және болашақтағы Трансауған дәлізімен байланысса, кең аймақта көп тармақты, стратегиялық магистральдық жолдар жүйесі құрылады.

    Көлік саласына қатысты бұл бастамалардың барлығы 12 қараша күні Ташкент қаласында өтетін Халықаралық мультимодальды тасымалдар форумы аясында жан-жақты талқыланатыны айтылды.

    Төртінші, ауқымды өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін тиімді қаржылық тетіктерді енгізу.

    Өзбекстан Президенті Түркі инвестициялық қорының қызметін кеңейту, ИДБ, ЕҚДБ және өзге халықаралық әрі ұлттық қаржы институттарымен Стратегиялық серіктестік бағдарламасын қабылдау бастамасын көтерді.

    Бесінші, тұрақты дамудың маңызды драйверіне айналып келе жатқан жасанды интеллект, цифрландыру және креативті экономиканы дамыту.

    Осы бағыттағы күш-жігерді біріктіру мақсатында жасанды интеллект және креативті экономика саласындағы жобаларды жүзеге асыру бойынша «жол картасын» қабылдау ұсынылды.

    Мемлекет басшысы Өзбекстанда Түркі әлемінің халықаралық көрмесін өткізу бастамасын да алға тартты.

    Алтыншы, «Надандыққа қарсы – ағарту» қағидаты негізінде ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру.

    2025–2026 жылдары еліміз 100-ден астам оқу орнын біріктіретін Түркі университеттері одағына төрағалық ететіні атап өтілді. Келер аптада Ташкентте Одақтың Бас ассамблеясы өтеді.

    Өзбекстан төрағалығы кезінде «Түркі ғылымы, білім және инновациялар күндерін» өткізу жоспарланған.

    Өзбекстан Президенті ғылым мен білім салаларындағы ынтымақтастықты нығайту, дарынды ғалымдардың зерттеулерін қолдау мақсатында ел аумағында Түркі мемлекеттерінің халықаралық университеті жұмысын бастағанын хабарлады. Мемлекет басшысы оның негізінде Бірлескен зерттеулерді қолдау бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.

    Жетінші, жастар арасында жат және бүлік тудырушы идеялардың таралуының алдын алу.

    Осыған байланысты Түркі мемлекеттері кеңістігінде экстремистік және радикалды идеологияға қарсы күрес бойынша Іс-қимылдар жоспарын қабылдау ұсынылды.

    Өзбекстан, сондай-ақ, исламофобияның барлық көріністеріне қарсы бағытталған тығыз диалогты жалғастыратынын жеткізді.

    Бұдан бөлек, ұйым аясында жастар арасында экологиялық білім беру бойынша бірлескен шараларды әзірлеудің маңыздылығы атап өтілді.

    Өзбекстан басшысы тағы бір маңызды мәселеге назар аударды.

    - Келер жылы ұлы ақын және ойшыл Әлішер Науаидің 585 жылдығын, сондай-ақ ұлы әзербайжан ақыны Низами Гәнжауидің 885 жылдығын кең көлемде атап өтеміз. Осы қос тұлғаның гуманизм, достық пен бірлік жөніндегі идеялары мен баға жетпес әдеби мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында «Низами Гәнжауи мен Әлішер Науаи шығармашылығы – Түркі әлемінің рухани өмірінде» атты халықаралық ғылыми конференция өткізуді ұсынамыз, – деді Мемлекет басшысы.

    Жиында шетелдік мемлекеттер делегацияларының басшылары да сөз сөйледі.

    Саммит қорытындысында ұйымға мүше елдер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге бағытталған бірлескен шешімдер мен құжаттар топтамасы қабылданды.