Бұл тарихи сессия қырық жыл ішінде алғаш рет ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінен тыс жерде ұйымдастырылып отыр. Мұндай ауқымды халықаралық форумның Самарқантта өтуі – Өзбекстанның ұйым идеялары мен құндылықтарына берік ұстанымын, сондай-ақ бейбітшілік, өзара түсіністік және тұрақты даму жолындағы жаһандық диалогты ілгерілетуге деген табанды ұмтылысын айқын дәлелдейді.
Маңызды сессия аясында білім, ғылым, мәдениет, экология, технология және коммуникация салаларындағы өзекті мәселелерге арналған 150-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған.
Мұндай беделді халықаралық жиынның әлемнің ең көне әрі ең көрнекті қалаларының бірі – Самарқанда өтуі ерекше символдық мәнге ие. Бұл әлемдік қауымдастықтың Өзбекстанға деген зор сенімінің, елдің мәдениетаралық диалогты дамыту, тарихи-мәдени мұраны сақтау және гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту жолындағы беделі мен белсенділігінің арта түскенінің айғағы.
Форумға 200-ден астам мемлекет пен халықаралық ұйымнан жоғары деңгейдегі делегациялар қатысады. Олардың қатарында Сербия Республикасының Президенті Александр Вучич, Словакия Республикасының Президенті Петер Пеллегрини, ЮНЕСКО Бас директоры Одри Азуле және басқа да құрметті меймандар бар.
ЮНЕСКО - Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемесі саналады. Ол 1945 жылы білім, ғылым, мәдениет және коммуникация салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту арқылы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мақсатында құрылған.
Өзбекстан Республикасы 1993 жылы ЮНЕСКО-ның толыққанды мүшесі болды. 1996 жылы Ташкентте ұйымның өкілдігінің ашылуы елдің бұл беделді халықаралық құрылыммен көпжақты серіктестігін одан әрі тереңдетудегі маңызды кезең болды.









